Ата Заңымыздың 24 жылдық мерекесіне орай ауданымыздағы кейбір округтер мен мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңа автокөліктермен, тіркемелі трактормен толықты.
Боздақтар ескерткіші жанында өткен салтанатты шарада аудан әкімі Қайрат Талапұлы Нұртаев жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап: – Облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен ауыл шаруашылығына, коммуналдық қажеттілікке және басқаларына пайдаланылатын автокөліктерді бүгін өз иелеріне табыстаймыз. Өздеріңізге мәлім, бұған дейін ауданымызда болған сапарында Нұрлан Асқарұлы Азғыр өңіріндегі Асан, Балқұдық, Сүйіндік ауылдарындағы тұрғындарды ауыз су қамтуға байланысты тапсырма берген. Бүгін соның орындалысына куә болып тұрмыз. Қазір бұл округтерге аталған су таситын автокөліктермен қатар «7 бекет-Балқұдық-Сүйіндік» жолдарын қар басқан кезде жолаушылардың батып қалуы мәселесін шешу мақсатымен үлкен вахталық автокөлік те әперіліп жатыр. Тазалыққа қатысты көлікке де қол жеткізіп отырмыз. Бәрін де қазір табыстаймыз. Мұның бәрі Тәуелсіздік тұсында дамып, өсіп-өркендегеніміздің бірден-бір айғағы, - дей келе отбастарына амандық, жемісті еңбек, елімізге бірлік пен береке тілеп, жаңа техникалардың иелеріне көліктердің кілттерін табыс етіп, оларды күтіп ұстауларын сұрады.
«Урал 32551-5013-71» қуатты вахталық автокөлігі аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, «Газ-33098-1837» маркалы 4 дана автокөлік Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтеріне және «Тұрмыстық қызмет» МКК-на табыс етілді. Екі дана «Камаз-65115-3081-50» маркалы қатты қоқыс таситын және 1 дана «Ваккум Ко-503b-2»лас суды соратын көліктерінің кілті Ақкөл мен Құрманғазы ауылдық округтеріне тапсырылды. Сонымен қатар 1 дана «Беларусь 920» тракторы Қиғаш, «Випо-12-01-330232» автокөлігі Құрманғазы ауылдық округінің еншісіне тиді. Мұның ішінде үш су таситын көліктен басқасы есебінен алынған. Су жаңа көліктер аудан халқының игілігіне ұзағынан қызмет етсін деп тілейміз.
Қанат ҒҰМАРОВ