ЖАҢА МЕКТЕП ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ

(0 Votes)

Кезінде Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев, Амангелді Шамғонов, Есенғали Шайхиев, Өтепберген Әлімгереев, Балауса Халелова сияқты есімдері еліміз бен облысымызға танымал шәкірттер тәрбиелеген Дыңғызыл ауылдық округіне қарасты Ғизат Әліпов ауылындағы Жұмекен Нәжімеденов атындағы негізгі орта мектеп жаңа ғимаратқа көшті.

Салтанатты шараны мектеп директоры Руслан Хасантаев ашып:

26745f42-0777-4471-a9a9-ab4f4b8a50df

– 2018-2019 оқу жылында мектебіміз көптеген жетістіктерге жетті. Аудан, облыс, республика көлемінде жүлделі орындарға ие болдық. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Жұлдызай» фестиваліне қатысып келген 9 сынып оқушысы Асылхан Әсетов, сынып жетекшісі Жанар Сыналбековаға қолдау көрсеткені үшін аудан әкімінің орынбасары Өркен Сержанұлына, округ әкімі Оралбай Нұржаубайұлына, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Өтемісқызына шексіз алғысымызды білдіреміз. Биылғы 2019-2020 оқу жылында мектеп табалдырғын 74 бала аттағалы отыр. 21 педагог қызметкерлеріміздің барлығы да жоғары білімді, бәрі де біліктілігін арттыру курстарынан өткен, - дей келе осындай білім ошағын салып бергендері үшін облыс, аудан, округ әкімдеріне, «Бек и Ко» ЖШС басшыларына ризашылығын жеткізді.

«Бек и Ко» ЖШС басшысы Ризабек Дайыновқа аудандық білім бөлімі мен мектеп әкімшілігі атынан алғыс хат табыстады.

Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев жаңа оқу жылымен құттықтап:

e31b898d-1406-48d3-b6af-3d9a21b027be

– Мемлекетіміздің басты саясаты еліміздің болашағы жас ұрпақтың алаңсыз сапалы білім алуына, оларға қолайлы орта қалыптастыруға, дені сау болуына барлық жағдайды жасау. Бір ғана мысал ретінде біздің ауданымызды алсақ биыл жаңа оқу жылында 2 мектептің құрылысы аяқталып отыр. Олар осы Ж.Нәжімеденов және Ш.Уәлиханов орта мектептері. Сонымен қатар тозығы жеткен нысандардың күрделі жөндеулерін жасау бағытында, білім ұяларының материалдық-техникалық базаларын қалыптастыруда үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Оның бәрі еліміздің тәуелсіздігінің арқасы деп есептейміз. Мысалы, іргеміздегі алпауыт ел Ресейдің аудандарына баратын болсақ мектептерінің жағдайы өте төмен. Бұрынғыша қарапайым әдіспен, тақтамен, бормен оқушыларды оқытуда. Бізде қай округте де білім ұялары қажетті құралдармен, соңғы үлгідегі ақпараттық техникалармен толық қамтылған. Балалардың шығармашылықпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай бар, - дей келе шалғайдағы ауылда осындай мектеп салынғаны үшін облыс басшысына ризашылығын білдірді.

303ae139-b616-4c6a-b3f8-81da2cb16cb3

Одан әрі аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарымен мектеп директоры Руслан Хасантаевты, ұстаздар Бақыт Демесінованы, Сандуғаш Мәдиеваны, Гүлжанат Күнтуарованы, Жанар Сыналбекованы, Надежда Құлбаеваны, Райхан Есбергенованы марапаттады. Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұрлыбек Сақпаров:

– Бүгінде облыс көлемінде 12 мектептің құрылысы жүруде. Жаңа оқу жылында оның төртеуі пайдалануға берілді. Жылдың соңына дейін тағы бесеуі бой көтереді. Қалғандары келесі жылы аяқталады. Құрылыс саласы өздеріңізге мәлім, қиын сала. Бәрі оп-оңай бітпейді. Бұл мектептің де салынуы кезінде түрлі қиындықтар орын алды. Оны аудан әкімшілігі, құрылыс басқармасы, мердігер мекеме болып қоян-қолтық жұмыс жасап жеңе білдік. Соның нәтижесінде осы білім ордасы барлық құралдармен жабдықталып, пайдалануға беріліп отыр, - деп мектеп есігін алғаш ашқан бүлдіршіндердің өмір жолына сәттілік, ұстаздарға жемісті еңбек тіледі.

f325540e-8316-490e-930d-eef6684b6f8b

Шара барысында мектепке демеушілік жасаған аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Хұсайынов, ардагер ұстаздар Баян Ғабдуллина, Галина Жолдыбаева, мектеп түлегі, «Қазақстан-Атырау» телеарнасы басшысының орынбасары Балауса Халелова сөйлеп, ізгі тілектерін арнады. Оқушылар өлең оқып, өнерпаздар Жанболат Кенжеғалиев, Ерғанат Аркадиев, Қайрат Серікқалиұлы әсем әндер орындады. Бастауыш сынып жетекшісі Нұрлыгүл Ғұмарова оқушыларға «Сауат ашу» кітабын табыс етіп, 9 сынып оқушысы Арсен Жұматов пен биыл мектеп табалдырғынан аттаған бүлдіршін Аяжан Әмірхан алғашқы қоңырауды соқты.

Ауыл ақсақалы Ғалымжан Сабиров ақ батасын берді. Мектеп алдына керілген лентаны аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев пен еңбек ардагері Ғ.Сабиров қиды.

38cfc1d2-8d8f-451a-a5c8-bae02f1d0515

Қос қабатты, 80 орындық мектеп ғимараты 370 млн. теңгеге салынған. Мердігер мекеме «Бек и КО» ЖШС білім ұясын барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтыпты. Мұнда соңғы үлгідегі роботехника, информатика, лингофон, ұлдар және қыздар еңбек кабинеті, кітапхана, асхана, спортзал, жуынатын орын және басқалары бар. Ыссы су, салқын су келіп тұр. Информатика кабинеті түгелдей компьютерлермен қамтылып, интернет желісіне қосылған. Қыздар еңбек кабинетінде әр партада бір тігін машинасы қойылған. Су жаңа парталар Ресейден әкелінген.

b1055d2d-af84-4291-a461-10926058f3ce

Жалпы мердігер мекеме білім ұясында оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасауға баса көңіл бөлген. Қатысушы ауыл тұрғындары жаңа мектеп ішін аралап, қуанышты күйде тарасты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT