Жаңа кітап оқырманға жол тартты

(0 Votes)

Құрманғазы ауданның белгілі азаматы, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері,  білімімен шаруа тінін ширатқан, ауыл-ауданның арқа сүйер панасы бола білген Қабиболла Шаяхметұлының, сондай-ақ, азаматының сенімді серігі, жұбайы, білікті ұстаз, көпбалалы ана Зүлпат Шекімқызының өнегелі өмір жолдарынан сыр шертетін «Құдайы қалаған...» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Кітапты әке жолын қуған ұлы, өнері дарыған азамат,  «Ақжонас» ЖШС директоры Мұқар Шаяхметов  құрастырған.

2021 жылы Атырау қаласындағы «Атырау-Ақпарат» баспасынан жарық көріп, оқырманға жол тартты. Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастырумен өткен тұсау кесер шарасына жергілікті қаламгерлер, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.

zhaa-kitap-oyrmana-zhol-tartty

Қазақ халқында «Тау алыстаған сайын бейіктей түседі» деген даналық сөз бар. Өмірдің талай сын белестерінен сүрінбей өтіп, сыр бермеген, рухы биік айтулы тұлғалар бейнесі қазірде арамызда болмаса да ел жадында сақталып, ұдайы жаңғырып тұрары ақиқат. Автор бір ғана басты кейіпкер өміріне тұсалып қалмай, қазақтың рулық құрылымынан, мемлекеттік қалыптасуымыздан, Ресей отаршыларының қазақты қанжоса қылған жымысқы саясатынан, бастан кешкен небір қияметтен тарихи деректерге негіздеп, терең сыр шертеді. Сондықтан жаңа кітап бастан-аяқ тұнып тұрған тәрбие және өнеге аларлық мол қазына десек артық емес.

Шара барысында аудандық орталық кітапхананың оқырмандар қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова жаңа туындыға шолу жасап, оқырман қауымға кеңірек таныстырды. Кеш қонақтары, жергілікті қаламгерлер Өмірзақ Қажымғалиұлы, Таңатар Дәрелұлы жаңа туынды жөнінде пікір білдіріп, тұсау кесер рәсімін жасады. Сөз кезегін алған ардагер ұстаз Жібек Қисымқызы және  мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ғайни Көбенқызы жаңа туындының кейіпкерлері Қабиболла аға мен Зүлпат апай туралы жылы естеліктерімен бөлісті. «Құдайы қалаған...» кітабын құрастырушы кейіпкердің ұлы, «Ақжонас» ЖШС директоры Мұқар Шаяхметов сөз алып, кітап кейіпкері туралы жылы лебіз, пікір жазған қаламгерлерге, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп,  жұбайы Ақтілек апай екеуі сый-сияпат табыстады. Кешті қорытындылаған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің  директоры Анар Нуриқызы оқырманға жол тартқалы тұрған жаңа туындыға сәттілік тілей отырып, Мұқар ағай мен Ақтілек апайдың отбасына естелік сыйлықтарын ұсынды.

zhaa-kitap-oyrmana-zhol-tartty1

Ақмоншақ Төреханқызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521