Шортанбай ауылдық округі әкімдігінің жаңа әкімін таныстыру мақсатымен өткен қоғамдық кеңестің жиынын аудан әкімі Қайрат Талапұлы ашып:
– Өткізілген сайлаудың қорытындысымен, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен және Құрманғазы ауданы әкімінің 2020 жылғы 2 шілдедегі №235 өкімімен Шортанбай ауылдық округі әкімі лауазымына Мейіржан Жұмақайұлы Ғұмаров тағайындалды. Бұл азаматтың өмірбаянын бұған дейін келгенде таныстырдық. 1981 жылы 6 желтоқсанда Нұржау ауылында дүниеге келген. Отбасылы, білімі жоғары. 2004 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің заң факультетін кеден ісі мамандығы, 2008 жылы Атырау инженерлік-гуманитарлық институтын экономикалық бакалавр мамандығы бойынша бітірген, - дей келе кеденде, аудан әкімі аппаратында бас маман қызметін атқарып келгеніне тоқталды. Көрсетілген сенімді ақтайды, ел ағаларымен, халықпен түсінісіп, бірлесіп жұмыс жасайды деген үмітте екенін айтып, жаңа қызметіне сәттілік тілеп, өз тарапынан қолдау білдіруге әзір екенін жеткізді. Сонымен қатар қызметтік пәтермен, автокөлікпен қамтылғандықтан барып-келіп жұмыс жасамай округтің басында болуды тапсырды.
Округтің қоғамдық кеңесінің мүшесі Сәрсекей Нәбидоллаев:
– Мейіржанның ұлағатты отбасынан шыққанын білеміз. Қызметіне адал болатынына, елмен тығыз жұмыс жасайтынына сенімдімін. Осында көптен істеп келе жатырған мамандармен, мекеме басшыларымен тіл табысып ортақ мақсат – ауылымызды өркендету жолында өз тәжірибеңді жұмсап, тұрғындар ықыласына бөленуіңе тілектеспіз, - деді.
Келесі кезекте кеңес мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты Болат Абдолов, округтің бас маманы Сандуғаш Сейтекова сөйлеп ізгі тілегін ортаға салды. Шортанбай ауылдық округінің жаңа әкімі Мейіржан Ғұмаров жаңа қызметінде тұрғындар көңілінен шығу үшін бар тәжірибесі мен білімін жұмсайтынын айтып, өзіне көрсетіліп жатқан үлкен сенімге ризашылығын білдірді.
Қ.ҒҰМАРОВ