Бұл референдумда өз дауысымды беріп, қолдау білдіруіме алдағы уақытта билік тармағы арасындағы қарым-қатынас оңтайландырылатыны, азаматтардың мемлекеттік биліктің ісіне араласа алатындығы қызықтырды.
Бұған дейін мұндай қарекеттердің болмағандығын ескерсек бұл құптарлық қадам. Кейінгі кездердегі оқиғалар бізде қалыптасқан авторитарлық биліктің ерте ме, кеш пе түбі бір кететінін дәлелдеп берді. Мұны нақты түсінуімізге қаңтар қырғыны сияқты сын сағатынан өтуіміз керек те болған шығар. Ең бастысы, тұтастай елді тоқырауға ұшыратқан бұл қателіктерді енді қайталамауымыз қажет. Болашақ ұрпағымыздың осыған ұрынып қалуының алдын алғанымыз дұрыс. Сол үшін де заң нормаларымен жан-жақты кепілдендірілген жаңа Конституция қажет деп ой түйдім.
Өзгертулердің ішіндегі президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ делінуін де дұрыс қабылдаймын. Өткен отыз жылда түңғыш президент төңірегінделер ойларына келгендерін істеп, байлыққа белшесінен батты. Ал, халық болса өлмешінің күнін көрді. Келешекте бұл норма саяси лауазымды тұлғалардың, Парламент депутаттарының, жергілікті билік басшыларының туысқандарына да қолданылса артықтық етпейді. Тағы бір мән берерлік мәселе, президенттің өкілеттігі азайып, парламентке басымдық беріледі. Жергілікті жерлерде мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттыру арқылы басқару тетігі өңірлік деңгейдегі әкімдердің қолына жинақталады. Осы сияқты өзгерістерге орай өз дауысымды ел болашағы үшін бердім. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев соңғы Жолдауында мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын деген сөзі біздей жасы келгендердің де бақуатты ғұмыр кешулерін қалағандықтан туындаса керек. Еліміз уақытша қиындықтарды еңсеріп, болашақта бай да қуатты болғай деген үлкендік тілегім бар.
Қадірбай ЖАРМҰХАМБЕТОВ, еңбек ардагері