Аудан орталығындағы салынып жатқан 75 орындық аурухана биыл бітеді.
Мердігер мекеме «КАЕС Строй Ко»ЖШС директоры Бақтығали Қонақбаев облыс басшысымен әңгімесінде: – Бұл құрылыстың 10 орындық жұқпалы аурулар, 10 орындық балаларға арналған бөлімшесі, 75 орындық ауруханасы, азық-түлік, кір жуатын блогтары, медициналық қалдықтарды жоятын орны бар. Алдына асфальт төселеді. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында тапсырғалы отырмыз, - деді.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов шешімін күткен қандай мәселелері барын сұрғанда аудандық орталық ауруханының бас дәрігері Гүлсара Мүтиева: – Бұған дейін емхана мен аурухана арасын қосатын өтпелі орын болуы керектігін айтқанбыз. ЖСҚ өзгертуге тапсырма берілген. Сол орындалған жоқ.Он жыл бұрын тексеріліп, медицина қызметкерлері қол қойған жоба басшылыққа алынған. Одан бері заңдылықтар өзгеріп жатыр. Сонымен қатар мәйітхана да мүлдем қарастырылмапты. Ескі жобамен салынғандықтан әрбір бөлімшенің қабылдайтын орны өзінде. Министрліктің №450 бұйрығы бойынша бес бөлімшеде ол бір жерде болуы тиіс. Ауыр сырқаттарды басқа бөлімшеге жібергенде босану үйінің үстімен өтеді. Артымен айналса онда азық-түлік блогының, от жағатын жермен жүреді. Әрі ол жерде су, кәріз тораптары жатыр. Мен бір жерді белгіледім, соған кислород тартып, қайта жаңғырту жасау керек, - деді.
Тыңдағаннан кейін облыс басшысы Махамбет Жолдасқалиұлы бұл аурухананы қабылдап, содан кейін қайта жаңғыртуға жұмыстануға бола ма деген сұрағын алға тартты. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы жобаны кері жасаса тұрып қалатындықтан, мұны қайта жаңғырту арқылы шешуге болатынын жеткізді. Аймақ басшысы қолдау білдіріп: – Ол жоба жасалғанша біраз уақыт кетеді. Әуелде бірден қолға алу керек еді. Мердігер жұмысын аяқтап жатыр. Енді ойланып, басқаша жасаңдар дегеніміз дұрыс емес қой. Ертең тағы бірдеңесін өзгерт дерміз. Дайын тұрған аурухананы пайдаланып, қазіргі шарттарға сәйкес келмейтін жерлерін өзгертуді қайта жаңғыртудың жобасына салуымыз керек деп ойлаймын, - деді.
Қ.Ғұмаров