Атырау облысы Бас санитарлық дәрігерінің карантинге қатысты 10 шілдедегі №54 қаулысының 28 пунктінде: «Халықтың саябақтарда, алаңдар мен скверлерде, жаға бойларында болуына тыйым салынады», деп тайға таңба басқандай жазылған.
Себебі мұндай жерлерде ауру жұқтыру қаупі басым. Індетке шалдыққандардың біразы осындай орындарда болған. Әлеуметтік желіге сауығып шыққандар салған жазбаларда тойға, қонақтыққа барғанмен қатар, суға шомыламын деп ауырып қалғандары да айтылады. Оны оқып та отырған шығарсыздар. Өпкеңізге салқын тигізіп қабынтып (пневмония) алсаңыз сауығу қиынға соғады. Сондықтан қазіргідей індет таралып жатқан кезде жаға бойында топтанып суға түсуге болмайды. Ол маңға сізге дейін кімдер барғанын, шомылып жүрген бейтаныс адамдардың індет жұқтырудан аман екенін білмейсіз.
Аудан әкімдігі жанындағы мониторингтік топ мүшелері жаға бойларын аралады. Жапырық ауылының арқа жағында суға түсуге келгендер бар болып шықты. Жап-жас жігіттер. Қаулы жайлы естімепті. «Күн ыссы. Енді қайда түсеміз?», дейді. Көлік жумаққа ниеттенген азаматқа да ескерту жасалды. Оның айтуынша көлік жуатын орындар жабық, құбырдан су жүрмей тұр.
Аудандық мониторингтік топ мүшесі Әсет Тоқтаров оларды қаулымен таныстырып, үйде суға түсулері қажеттігін ескертті. Топ мүшелері алға қарай да жаға бойлары араланып, карантин тәртібіне бойұсынбағандарға тиісті шаралар алынатынын қаперге берді.
Қанат ҒҰМАРОВ