Көктемнің осы бір әдемі, шуақты сәтінде бір қолына отын, бір қолына түздегі қызметін қатар ала жүріп, кейінгі сіңлілеріне үлгі болып жүргендері қаншама.
Өз өмірін жаны қалаған мамандығына арнап, халық игілігі үшін тынбай еңбектеніп, өз саласының ажырамас бөлігіне айналған Гүлжан Бақтығалиқызы Қамзаеваға қандай мақтаулар айтсақ та өзіне жарасымды.
Ол Кудряшов ауылдық ауруханасының учаскелік акушері. Кейіпкеріміз 1963 жылы 25 мамырда Бірлік ауылдық округінде дүниеге келген. Әкесі Бақтығали Қамзаев «Қызыл таң» ұжымшарының бас есепшісі болса, анасы Зейнеп Иманқызы үй шаруасымен айналысқан қарапайым жан. Орта мектепті аяқтағаннан кейін Гүлжан Гурьев медициналық училищесінің акушерлік бөліміне оқуға түсіп, білімін жалғастырады. 1983 жылы қолына қызыл дипломын ұстаған білімді жас алғаш еңбек жолын Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы перзентханада акушерлік қызметтен бастады. Ол жерде өзін білікті маман ретінде көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Сөйтіп, 1986 жылы өзінің туған жері Құрманғазыға қызмет бабымен ауысты. Аудандық перзентханада, Орлы дәрігерлік емханасында, Кудряшовтағы туберкулезге қарсы емдеу санаторийінде абыройлы еңбек етіп, алдына келген сырқат жандардың дертіне дауа, еміне шипа таба білді. 2003 жылдан бастап Кудряшов ауылдық ауруханасында, әрі перзентханасында акушер және учаскелік акушер қызметтерін қоса атқарды. 2010 жылы перзентхана жабылғаннан кейінемханада учаскелік акушер болып күні бүгінге дейін тынымсыз еңбек етуде. Осы жылдар ішінде тәжірибелі акушер жүздеген баланың анасын босандырып алып, шынайы кіндік шеше атанған. Олардың алдының жасы қазірде 37-ге таяды.
1988 жылы Асқар Масалимов есімді азаматпен отау құрып, өмірге 1 қыз, 1 ұл әкелді. Ата-ана тәрбиесінің арқасында Қуанышы жоғары оқу орнын бітіріп, бірден еңбекке араласты. Анаргүлі де мұғалім мамандығын игеріп, тұрмысқа шықты. Бүгінде Айару жиені тәтті қылығымен атасы мен әжесін еріксіз баурайды. Әркез бар ынта-жігерімен сүйікті қызметіне жан тәнімен берілген Гүлжан Бақтығалиқызының еңбекқорлығы мен жауапкершілігін, сабырлылығы мен шыдамдылығын өзімен замандас әріптестері жас мамандарға үлгі етеді. Білікті маман, ардақты ана, отбасының тірегі, ағайынның жанашыр қамқоры бүгінгі кейіпкеріміз Кудряшов ауылдық аналар кеңесінің белсенді мүшесі. Гүлжан Бақтығалиқызы тағдырдың берген әр күніне, қиындығы мен қызығы қатар жүретін қарбалас жұмысына риза болып, шүкіршілік етумен келеді.
Қазіргі таңда ол еңбек жолының талай белестерін артқа тастап, марапаттан да кенде қалған кезі болған жоқ. Аудан әкімінің, аудандық денсаулық сақтау саласының алғыс хаттарымен бірнеше рет ұлығыланған. Біз де көктемнің жайдарлы мерекесімен кейіпкерімізді құттықтай отырып, көрер қызығыңыз ортаймасын дегенді тілек етеміз.
А.Шакупова