Жүзбелі көпір де, сүйретпелі кеме де ескі

(0 Votes)

Көптоғай ауылының тұрғындары тағы бір көкейкесті сауалдарын жолдады.

Айтуынша, Ресеймен шекаралас жатқан елдімекенге, көрші ауылдарға, аудан орталығына қатынау қиын. Ауылға жету үшін пайдаланылатын 30 тонналық жүзбелі көпірдің де, оны сүйрейтін кеменің де әбден тозығы жеткен. Осыдан бір жыл бұрын бюджет қаржысындағы 110 млн теңгеге Павлодардан «БК-100» маркалы сүйретпелі кеме сатып алынды. Алайда, халық әлі күнге оның пайдасын көре алмай отыр. Экспонат секілді өзен жағасында тұр. Оған себеп–құнды тауарды әкелгендер техниканы іске қоса алмай жөндеріне кеткен. Жүзбелі көпірді тартатын ескі катерге биыл 75 жыл болады.

Маңызды өткелдің жиі істен шығатынын паромды сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер Серік Сыдықов та жасырмайды. Көптоғайлықтар қорлықтың көкесін қыста көреміз бе деп алаңдайды. Катер жиі бұзылады, жөндеп, дәнекерлеуге де жарамсыз, темірі шіріп кеткен, тоғыз жерінде тесік бар. Мұзды бұзып өтуге қауқары жетпейді. Нәтижесінде 1200-ден аса адам тұратын ауылдың халқы аралда қалады. Бұл жағдай өткен қыста да қайталанған. Алақандай ауылдың мәселесі қашан шешілетінін сұрап, аудан әкімдігіне хабарластық. Бізге берілген мәліметке сүйенсек, сатып алынған «БК-100» маркалы сүйретпелі кеме жеткізілген соң зауыттық ақаулары бар екені анықталған.

Бүгінгі таңда белгілі ақаулар өнім беруші тарапынан қайта қалпына келтірілген. Кемені Көптоғай ауылдық округінің теңгеріміне беру жөнінде жұмыстар ұйымдастырылуына байланысты жаңа сүйретпелі кеме уақытша пайдаланылмай тұр. Осы жылдың қазан-қараша айында іске қосылады деп жоспарлануда. Көптоғай ауылына бұрынғы қолданыстағы сүйретпелі кеме арқылы қатынас жасалуда, кемшіліктер орын алмауы үшін жағдай үнемі бақылауда ұсталып отыр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, биылғы жылы көктем келе жайылымдық жер мәселесі мазаларын қашырған көптоғайлықтарды енді міне, күн ызғары білінгенде өзенмен қатынау жайы толғандыруда. Ашынған жұрттың жанайқайы жуық арада шешімін тауып, жай-күйлері жақсы арнаға бұрылса игі еді.

 

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT