Құрманғазы ауылдық округіндегі Бұзаусылан өзегі бойындағы ұзындығы 82 метр болатын жаяу жүргінші көпірінің мүлдем тозығы жеткен. Темір қаңылтыр төселген бұл көпірді бірнеше темір тіреулер әзер ұстап тұрғаны көзге ап-айқын көрінеді.
Оған қоса, бір жағына қисайып кеткен көпірдің екі жақ таяныш болар тұсы да ашық-шашық күйде. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», жазатайым сүрініп қалсаң, суға күмп ете түсуің әбден мүмкін. Сәл аяз қатып, күн суытса көпір үсті нағыз «тар жол, тайғақ кешуге» айналады.
Жанын шүберекке түйіп осы көпірден күнде әрлі-берлі өтуге мәжбүр жандардың қатынасы қиындап, әбден әбігерге түсуде. Әсіресе, аяқтарын әзер басар ардагерлер мен жан-жағын барламайтын кішкентай бүлдіршіндерге қиын. Көңілі алаңға түскен ағайынның жыл сайын көтерген мәселесі әлі нақты шешімін таппай отыр.
Бұл түйткілді жайт жөнінде аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов:
- Жаңа көпір салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан қорғалып шықты. Құрылыс жұмысы 152 млн 349 мың теңгеге бағаланды, екі жылға созылмақшы. Биыл 114 млн теңгесі игерілуі керек. 2022 жылдың тамыз айында жаяу жүргінші көпірі толық пайдалануға беріледі деп отырмыз,-дейді.
Не де болса, сергелдеңге салған істің соңы сиырқұйымшақтанып кетпесе игі. Себебі, адам өмірінің қауіпсіздігіне жетер бәс жоқ.
Еркеназ Қалижан