«Нұр Отан» партиясы Құрманғазы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында Н.Манаев, Ы.Алтынсарин, Нұржау орта мектептеріне, Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептің жатақханасына жүргізілген жөндеу жұмыстары жөнінде аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасановтың хабарламасы тыңдалды.
Хабарламашының айтуынша аталған төрт мектептегі жөндеу жұмыстарын мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша «жеңімпаз» деп танылған мердігер мекеме «Экпресс Строй» ЖШС жүргізген. Бұл жұмыстар Манаевта 63,6, Алтынсаринде 27,6, Нұржауда 73,1, Жыланды ауылындағы Д.Нұрпейісовада 100 пайыз орындалған. Соңғысында жатақхананың жөндеу жұмыстары 2018 жылдың 5 қарашасында аяқталуы қажет болса, 27 желтоқсанда біткен. Сол себепті ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз бен құжаттар жолданған. Ал, алдыңғы үш мектепке келсек, олардағы жұмыстар бітпегендіктен аталған сотқа талап арыз бен құжаттар жіберілген. Енді осы орта мектептердің ішінен Манаевтың 36,4%, Алтынсариннің 72,4%, Нұржаудың 26,9% бітпей қалған жұмыстарының есебі шығарылып, күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыру үшін мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялауға облыстық білім беру басқармасына бюджеттік өтінім жолданып отыр.
Комиссия мүшелерінен Сабыржан Сұлтанов,Сағидолла Кулов, Өмірболат Есенғазиев хабарламашыға аталған жұмыстарға қатысты сұрақтар берді. Шарада комиссия төрағасы Бержан Кенжебаев түрлі комиссиялар болып құрылыс басына кезек-кезек барып, жұмыстарына кедергі жасамай әкімдікпен келісіп бір мезгілде қарайық деген ұсынысын ортаға салды.
Қ.Ғұмаров.