Бәрімізге белгілі, жеке кәсіпкерлер өзінің ісін іргерілету үшін көбіне шетелдік жалдамалы жұмысшылардың көмегіне жүгінеді. Алайда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу кезінде түйткілді мәселелер де жоқ емес.
Осы жайтқа орай Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы аудандық филиалының алаңында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелді Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы аудандық филиалының директоры Н. Дәрелов ашып, жиынға қатысушы құзырлы орган және Өңірлік даму мәселелері жөніндегі аумақтық қоғамдық кеңестің мүшелері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлерді таныстырып, күн тәртібіндегі мәселелерге шолу жасады.
Күн тәртібіндегі шетелдік еңбек мигранттарының жұмыс істеу заңдылығы туралы Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызмет бөлімшесінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Г. Дамбаева хабарлама жасады.
– Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Халықтың көші-қоны туралы Заңының 3-нші бабына сай, Қазақстан Республикасының аумағына келу және Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынадай негізгі түрлерінің бірі – еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында көшіп келу. Еңбекші көшіп келуге рұқсатты беру, ұзарту және кері қайтарып алу тәртібін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды. Евроодаққа кіретін елдер: 1.Армения Республикасы, 2.Беларусь Республикасы, 3.Қырғызстан Республикасы, 4.Қазақстан Республикасы, 5.Ресей Федерациясы,-деді Г.Маратқызы.
Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар басқармасының шетелдік жұмыс күшін тарту және көші-қон бөлімінің бас маманы Айдын Ахметов «ZOOM» онлайн платформасы арқылы байланысып, күн тәртібіндегі мәселеге орай қосымша хабарлама жасады.
– Заң бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат: 1) бірінші санат үшін – жұмыс берушінің өтініші негізінде рұқсат мерзімін бір, екі немесе үш жылға ұзарту құқығымен бір, екі немесе үш жылға; 2) екінші және үшінші санаттар үшін – он екі ай мерзімге, бірақ үш реттен артық емес ұзартумен он екі айға; 3) төртінші санат үшін – ұзарту құқығынсыз он екі айға; 4) маусымдық шетелдік жұмыскерлер үшін – ұзарту құқығынсыз күнтізбелік тоқсан, жүз сексен, екі жүз жетпіс, үш жүз алпыс бес күнге дейінгі мерзімге беріледі,-деді А.Нұрболатұлы.
Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені немесе ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелері жөнінде Құрманғазы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Құралай Медеуғалиеваның қосымша хабарламасы тыңдалды. Құрманғазы аудандық прокуратурасының прокуроры, екінші сыныпты заңгер Ержан Иманғазиев жеке кәсіпкерлердің көкейкесті сауалдарына заң аясында түсініктеме берді. Жиын барысында көтерілген мәселелер толық хаттамаға енгізіліп, тиісті органдарға жолданып, бақылауға алынатын болады.
Еркеназ Қалижан