Аптап ыстық еліміздің бірқатар шаруаларына өз зардабын тигізуде. Өйткені, төрт түліктің қыстық азығын дайындау қиынға соғып тұр.
Әсіресе, қарт Каспийдің жағасындағы маңғаз Маңғыстаудың жағдайы тым күрделі. Табиғаттың қатал мінезі бұл аймаққа қаншалықты кедергі келтіріп жатқанын әлеуметтік желі арқылы көріп-біліп жүрміз. Яғни, күннің ыстығынан жерге шөп шықпай жатып, күйіп кеткен. Жергілікті шаруалар мал азығын таба алмай, қиналып қалды. Салдарынан сол жерді мекендеген үй жануарларының қабырғасы терісіне жабысып, қырылуда. Ал оған, аудан халқы қарап қалмай, бастама көтеріп, қол ұшын созды. Қуаңшылықтың зардабын тартқан өңірге мал азығы жиналуда. Ол вагондарға тиеліп, Маңғыстауға жөнелтіледі. «Батыстағы бауырларымыз қиналғанда, жанымыз шырқырап, арқаны кеңге салып жата алмадық» деген еріктілерге құрманғазылықтар осылай үн қосты. Бұл игі іске жергілікті кәсіпкерлер мен жеке мекемелер ат салысып, қолдан келген көмегін беруде. Оған қоса, қысқа жиған қорымен бөлісіп, шөптерін тегін берген шаруа қожалықтары да бар. Осылайша, 250 тонна болатын 1000 орам шөп тиелуде. Ел болып жиналған бұл бастамадан фракция депутаттары да қапы қалмады.
– Маңғыстау жеріне келіп жатқан жұтты естіп, біздің де қабырғамыз қайысып, қиналдық. Қазақта «малым - жанымның садағасы» деген бар. Сондықтан малсыз қазақтың күні жоқ. Соған аз да болсын көмек болсын деп, фракция депутаттары атынан, әзірге бір-біреуі 300 кг тартатын 70 орам шөппен көмек қолын созып жатырмыз. Ол біздің аз да болса қосқан үлесіміз деп білеміз. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады,-дейді аудандық мәслихат депутаты Болат Жүгінісов.
Құрманғазылықтардың осынау қолдауы ақтаулықтарға біршама демеу болары анық. Жалпы мұндай сауапты жұмысқа ат салысушылар, қолдан келген кез-келген көмекті беруге даяр екендігін жеткізді.
Жайдарлым ҚАЙРЕДЕН