Жұмекеннің журналы

(1 Vote)

Елемеу мына күнді жарамайды ақ,

Орнады басымызға даладай бақ.

Ағайын, Жұмекенге журнал шықса,

Неге біз қуанбаймыз алақайлап.

 

Жатқандай мәселе еді қозғалмай сүр,

Шақ жетті ағытылар ормандай сыр.

Осы еді жетпей жүрген кем жеріміз,

Кеміміз енді міне, толғандай бір.

 

Күзіміз, жаздан артық жадыраған,

Абыз боп алдымыздан табыл аман.

Осының бәрі сіздің арқаңызда,

Алты алаш ардақтаған Қадыр ағам.

 

Жалаулы найзасы боп Махамбеттің,

Журналын шығарғанша мазаң кетті.

Жұмекен деп өмір бойы жағың сембей,

Журналын шығаруға шамаң жетті.

 

Қос алып, риза шығар, қайран асыл,

Құрмет осы жеткендей айға басы.

Өзіңіз Жұмекеннің аманаты,

Рухымен желеп- жебеп аймаласын.

 

Сандарын парақтармыз қолға алып әр,

Ойлардың асып- тасып толғаны бар.

Мұқағали, Жамбылдарда журнал болса,

Атырауда Жұмекеннің журналы бар.

 

Толқыны Ақ Жайықтың жарған тасты,

Іске асты, әлдилеген арман басты.

Басына бұлт байлаған мұнаралар,

Біздей боп қуаныштан алшаң басты.

 

Дел- сал күй, жақсылық бұл жан уанар,

Ақындар қолға қалам- қару алар.

Құмдары Қошалақтың шашу болып,

Боздайды бозаң қырдан аруана.

 

Рухани тынысы бұл тойлар кездің,

Үргелек үміт, күдік бойдан безді.

Аруағы көкті құшқан Жұмекен ғой,

Дүниені неше түрлі ойлар кезді.

 

Ой сыйла, жұлдыз сырлы дала түні,

Көп әлі таң- тамаша қалатыным.

Бұйырса, Жұмекеннің журналы ол,

Құраннан кейін қолға алатыным.

 

                                                                                                  Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT