Жұмекен -Құрманғазы консерваториясында

(0 Votes)

Таланттың қарыштар жері -Өмір орталығы. Әбу Сәрсенбаевтің біздің Жұмекенге қатысы бар ойды 02.12.1955 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының Жас жазушылардың пленумында айтыпты.

Біз оны 2005жылдың қыркүйегінде Алматыда мемлекеттік мұрағатта Жұмекеннің мұрасын зерттеуде стенографиялық жабадан кездестірдік. Расында да, Жұмекен талантының қарыштар жері- Өмір орталығы Қарағанды көмірі болып шықты. Құрыштай шыныққан қайратты жас Жұмекеннің екінші бір Өмір орталығы - Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория еді. Үлкен Өндірістен Үлкен Өнерге қадам басқан Жұмекеннің білімді, мәдениетті, сауатты ақын болып шығуына бірден бір ықпал еткен Білім ордасы. Әбу ақсақал Жұмекенді  қазақ поэзиясында «Тез өскен» ақын деуінің бір себебін біз Жұмекеннің Құрманғазы консерваториясында алған тәлім- тәрбиесінен дей аламыз. Қарағандыда, қайнап қызған өмір орталығында пісіп- жетілген ыстық қайратты кенші Жұмекенді ендігі кезекте білімге батырып қатайтып, шыңдап құрыштай түсетін өнер ордасы күтіп тұрды, ол -Құрманғазы консерваториясы. «Болмасаңда ұқсап бақ», деп Абай айтқандай консерваториядағы білімді, мәдениетті жандардың жақсы ісінен, сөзінен, тәлім- тәрбие мектебінен өту мерзімі де келіп жеткен сыңайлы. Кезінде  қазақ шеберлері алмас қылышты шыңдап- суытқанда таңғы мұнарға суарған екен. Атқа мініп алып, алмас қылышты оңды- солды сілтейді- ау суық, таза ауада, ойдан ою- өрнек салып қалың тұманға. Жас Жұмекенің оқу орнын таңдауынан өлеңде һас шеберлікке жету үшін музыка саласындағы білімін жетілдіру қажет екендігін жете  ұға білгенін көреміз.

Жұмекеннің Қарағандыда жүріп консерваторияны неге таңдады десек, оған ақынның өзі жауап айтып кеткен сияқты. Жұмекен өзіне «Күйшілік пен жыршылықтың қонғаны- Махамбет пен Құрекеңнің аруағы» демей ме!?  Біздің де экспедициямыздағы күй де, жыр да қонған өнерлі жігіттер Еркін Бозжігітов пен Болат Ергалиевтер ақын Жұмекен «Мейірімдер мекені» деп атаған Қанышкеннен  Қошалақты басып  өтіп  «Таңат» құдығының басына жеткенше  Махамбет пен Құрманғазы жүріп өткен Бесшоқы өңірінен талай қызық һиқаядан сыр шертті. Жолдағы құдық «Таңат» деп аталуы Қошалақ аймағында кезінде атақты қойшы, Совет кезіндегі ең жоғарғы марапат есебіндегі екі бірдей «Ленин» орденін  болған Таңат Жұмағалиевтің атымен байланысты. Таң атысымен қозғалғанымыз жөн болды, біз барсақ құдыққа шөлін басуға қасқыр да келіп кетіпті, іздері сайрап жатыр, ап-анық. «Таңат» құдығының басына баруға ынтық болудың бір себебі Жұмекен жырының жоқтаушысы, жоқшысы, Қошалақтағы шырақшысы ақын Есмұхан Долайұлы Жанизинің «Ақ шағыл Жұмекен» дастанындағы мына жолдар болатын: «Сабыржан құдық қазып, орақ орған, Сабырлы, салмақты жан сұрағы орнық, Мал тапса еңбектеніп маңдай термен, Оңды іс болар ма екен сірә, қорлық.»  Шыңы да, көлі де жоқ құм қазағы Жұмекеннің әкесі Сабыр құдық қазып, орақ орған. Құдықшы  Сабыр! Бізге Құрмағазы аудандық мұрағаты берген мағлұмат бойынша Қошалақ ауылдық  советінің 1946-1948 жылдарға арналған шаруашылық кітабында  Нажмеденов Сабырдың отбасындағы балаларының ата тегі(фамилиясы ) «Сабыров»  деп көрсетілген. Байырғы, адам баласының тірлігімен бір келе жатқан қадірлі көне кәсіп, қазу әдісі көп өзгеріске түспеген, шегенді(шахта) және құбырлы болып келеді. «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» эпосындағы Қодар қазған тоқсан мың қылқұйрыққа су жеткен қырық құдықты анықтау үшін экспедиция жасақталып жатыр. Жалпы, далалық экспедиция дегеніңіз өте керек нәрсе, жүргенге жөргем ілінеді демекші, ел-жұрт араралап жүрсең жаңа, тың деректерге кезігесің. Қошалақта 83 жастағы Омарова Мәрим апайдан жас Жұмекенге қатысты бұрын естімеген бір дерекке ие болдық. Жаңағы, Есмұхан Жанизин ел ақсақалдарының айтқан деректері негізінде ақын Жұмекеннің әкесі Сабыр Нәжімеденов құдықшы болған деп отыр. Қарқаралыда Қасым ақынның құдығы бар, Қошалақта Жұмекен құдығы неге болмасқа? Жұмекеннің әкесі Сабыр соғыстан оралмады ғой, ендеше елінде еске аларлық белгі болсын жаңағы «Таңатар» құдығының басына барлық Қыр елінің  құдықшыларына арнап бір белгі қойып, Жұмекеннің әкесі Сабырдың құдық қазған кенші екенін таңбалап жазсақ. Су да кен -  байлық қой, оның да құм шағылда көзін тауып алу үшін білім керек, қазақ бекер айтпаған ғой: «Ғылым- инемен құдық қазғандай» деп. Расында да, ғылым- құдық. Бір кісі қазған құдықтан, мың кісі су ішеді. Құдық-  су сақтайды, су- ел сақтайды. Сусыз өмір жоқ. Жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романында да совет шахтеріне  ең алдымен су табу қиын тиді. Бүкіл Қарағандыда екі-үш құдық болатын, су тереңде. Ағылшындардан қалған тік шахта қараңғы, тереңдігі жүз метр шыңырау құдықта су көп жиналып көлге айналып, енді содан су тарту керек-тің. Өндірісте де, өнерде де қор сақтайтын- құдық. Жұмекен қазып кеткен құдық- үлкен поэзия.  Құдықтан су ішкен қазғанға рахмет айтады. Біздің де айтқан бір рахметіміз болсын, сол Жұмекен қазған құдық- поэзияның қайнар көзі - консерваториядағы Жұмекен білім қазған жылдарына үңілейік. Өйткені, Жұмекен қазақтың бас ақыны Абай үлгісіндегі сауатты, саналы, білімді ақындардың бірі.  Абайдың ақындыққа құмарларға үлгі боларлық сөзі бар емес пе: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол — ақынның білімсіз бишарасы.» Әр сөз өз ретімен келмек, ретін тану үшін білім қажет.  Рет дегеніміз тәртіп, жүйе, қисын, жөн, түзулік, әр нәрсеге лайық сөз табу, құтты  орнына қондыра білу. Заңдылық пен құқықтық тәртіп. Құқықтың өзі- түзу заңдармен реттелген адамдардың өз ара  қарым- қатынастар.  Бір сөзбен айтсақ- шеберлік.  Шеберлікті біз былай деп таныймыз: Талант, таным, талғам,  төзім, табандылық. Талантқа тіршілікте тірек болар білімді табу үшін қаржының орны ерекше, яғни білім алу, білімді болу үшін бар болу, бай болу керек.  Мысалы, Абай, Мағжан, М.Әуезов, Қ.Сәтбаевтардың туып- өскен ортасы ауқатты, бай- бағлан, билікте болған соң, заманның аңысын аңдып отырып ұрпағына терең, жан-жақты Европалық, әлемдік деңгейдегі білім алуға жағдай жасай білді, барын,  байлығын салды. Білімсіз, байлықсыз, биліксіз өнер өнбейді, өспейді, әлемдік, адамзаттық өнердегі биіктерді алу үшін жаңағы аты аталған үштіктің бірлігі қажет. Күй құдіреті Құрманғазы баба Сағырбайұлының туып-өскен жерінде жүрген соң күйші атамызды да мысал қылалық. 1869 жылы қыркүйек айында Орал қаласындағы «Орал әскері ведомстілерінде» оры  жазушысы Н.Савичевтің «Карман форпостынан Глининге шейін» деген мақаласында жазушы Құрманғазы күйшімен кездесуін қорыта келе былай деп түйіндепті: «Бір сөзбен айтқанда, Сағырбаев сирек кездестін музыкалы жанды адам, ол европалық білім алған болса, ол музыка дүниесінде ең үлкен жұлдыз болар еді.»  Сирек кездесетін музыкалы жанды адам. Құдай Құрманғазының көңіл құтысына күй өнерін мол ғып  құйып бергені ғой.  Музыка әлеміндегі үлкен жұлдыз. Білім алса. Шоқан бар қазақты игеруге шақырған әлемдік, европалық білім. «Домбырашы өз мінезін тартады» деседі, біз Жұмекеннің консерваторияны таңдауына жас кезінде бойына дарыған домбырашылдық қабілет- қасиетпен бірге ықпал еткен Құрманғазы күйіндегі жалын атқан Махамбет поэзиясының мінезі де бар шығар.

Жұмекеннің бойында бар қабілет- қсаиетті тәрбиелеп өсірген білім, мәдениет ордасы Құрманғазы консерваториясының қабырғасында өткен жылдарға  оралайық. Жұмекен Қарағандыдан 1955 жылдың 5  шілдесінде шахтадағы жұмысынан есептесіп Алматыға шыққан күн. Бізде бар бір дерек бойынша Алматы мемлекеттік консерваториясы берген  №3 емтихандық парақшаға сәйкес Жұмекен 1956 жылдың  20 шілдесінде №1 хаттамаға негізінде емтихан тапсыруға   жолдама алған. Бірінші емтихан мамандығы бойынша(прослушивание программы) өте үздік баға алған, отлично. Дайындығы жақсы болғанынан белгі береді.  Табиғи қабілет(Природные данные  слух, память, ритм)- жақсы делініпті. Орыс тілі мен әдебиеті және СССР тарихынан да жақсы деген баға қойылыпты. Соңғы емтихан 20 тамызда өткен. Алматыдағы консерваторияда Жұмекен 14 қарашада толтырған жеке басының кадр бойынша есеп парақшасы бар. Онда Жұмекеннің Алматыдағы тұрағының адресі көрсетіліпті- Алматы, Октябрьская, 56. Туған жері- колхоз Жаңа Жол Теңіз ауданы, Гурьев облысы. Жаңа- Жолдағы Ворошилов атындағы орта мектепте оқыған-1945- 1954 жылдары. Орыс тілімен қоса татар тілін білемін деп көрсеткен. Соныменен, шілде мен тамыз айлары бойы емтихан тапсырған Жұмекен жолы болып консерватория студентіндігіне ресми түрде тіркеліп, оқуға кірісті.

Мемлекеттік мұрағаттағы дерекке сай Құрманғазы атындағы консерваторияның қазақ халық аспаптары кафедрасының 1956-1957 жылдары оқу жылындағы алғашқы мәжілісі 1956 жылдың 31 тамызында өткен. Оған барлық курстардың студентері қатысқан, яғни онда Жұмекен де міндетті түрде қатысты  деген сөз. Алматының мемлекеттік консерваториясының директоры, доцент И.В. Крухлыхин жиналыста  1956 жылы консерватория сегізінші кезекті түлектерін ұшырғанын мәлімдеді. Сол консерваторияны бітіріп шыққан 38 адамның ішінде 16 қазақ болған. 1955-1956 оқу жылында оқудан 24 студент шығып қалған, оқу үлгерімі нашарлығынан – 6 кісі. 1956 жылда консерваторияға түсуге 127 адам арыз берген, қазақтардан – 48. Қабылданған студент саны – 75. Қазақтардың саны- 32, оның ішінде 12 қазақ қызы. Ауылдық жерден – 4. Қазақ аспаптары кафедрасына осы оқу жылында тек қана музыкалық дайындығы барлар ғана қабылданған. Соның нәтижесінде бес–ақ кісі бірінші курсқа алынған, оның бірі біздің Жұмекен, дайындық бөліміне – 2 адам. Қазір, кафедраның 31.08.1956 жылғы алғашқы жиналысына қатысқан ұстаздарды атап өтейік: кафедра меңгерушісі Жұбанов А.К., ұстаздар: Еркимбеков, Балгожин, Кудабаева, Иванов-Сокольский, Тастанов, Лапченков, Сабитова, Байзаков, Стианишевская, концертмейстер Попов, аға лаборант Разборова, барлық курстың студенттері.

Қазақтың кәсіби композиторі Ахмет Жұбанов студенттерге   осы жолы керемет үлгі өнеге көрсетті. Бір-ақ ауыз сөзімен. Ол жиналысты ашпас бұрын бәріне биылғы оқу жылын  қарт ұстаз қайтыс болған Шабельский Сергей Ивановичсіз бастап отырғанын атап өтіп. Марқұмның аруағын еске алып, орындарынан тұруды сұраған. Неткен мәдениет, бекзаттық, тәлім-тәрбие. Аттарын атағанның өзінен басың айналатын атақтылар: А.Қ., Жұбанов, Л.А Хамиди., Л.М.Шаргородсктий., Б.Сарыбаев, Қ.Мұхитов, Х.Т., Тастанов,  Ф.Ш. Мансуров, Ш.Қажығалиев. 1956 жыл композитор, профессор А.Жұбановтың қазақ халық аспаптары кафедрасын басқаруының себебі сол замандағы қатыгез саясаттың салқыны еді.

Реті келгенен кейін, атап өтелік, келесі 1957 жылдың 6 наурызында Жұбанов А.Қ., Круглыхиның қатысуымен өткен жиналыста, хаттама нөмір 16, Шаргородскийдің айтқан бір ауыз сөзін алға тартайық: «Студенттер үшін оқу жоспарына қазақ халықтық аспаптарды орындаушылықтың тарихын енгізу керек. Студенттердің білімінің жалпы деңгейін көтеру үшін қазақ әдебиетін оқытуды қажет».

1958 жылы 24 маусымда Жұмекеннің консерваториядағы ұстазы Османов Т. өздерінің міндеті суреткерлерді дайындауда деген. Қандай ғажап жандар, асыл, бағасы әсте жоғалмайтын ой-ұсыныстар жасаған. Жұмекен консерваторияда оқуды Тастановтың класында бастаған, дирижерлік курстің дәрісін Ш.Қажығалиевтен алған.

1958 жылдың нөмір 17 хаттамасына сәйкес Ж. Нәжімеденов емтиханды келесі құрамдағы комиссияға тапсырған: Профессор А.Жұбанов, Л.Хамиди, Т.Османов, Ф.Мансуров, Б.Сарыбаев М.Аубакиров. Оның дайындығын талдағаннан кейін комиссия төрттік баға қойған.  1959 жылдың басында Жұмекен қазақ халық аспаптары кафедрасының №27 12 маусым 1959 хаттамасы бойынша денсаушылығына байланысты жазғы емтихандарды күзде тапсыруға рұқсат алған, оған студенттік степендиясын тоолық төленген, хаттамаға Жұмекеннің медициналық анықтамалары да тіркеліпті. Жұмекен оқыған консерватория 1944 жылы құрылса, Алматыда алғаш 1932 жылы музыка техникумы ашылған, 1933 жылы Қазақстан Халық Комиссарлары Советінің қаулысы бойынша техникум жанынан Қазақ музыкас ын зерттейтін кабинет пен Қазақтың халық музыка аспаптарын өңдеп, жетілдіретін шеберхана ашылды, бір сөзбен түйіндесек қазақ музыкасын зерттеу, дамыту ісі мемлекеттік деңгейде жүйелі, заңды түрде ғылыми жолға қойылған білім ордасы- консерватория құрылды. Жұмекен поэзиясының ұлттық, ғылыми қайнар көзі де- Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясы болатын.

Марат Азбанбаев,  

Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының мүшесі  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT