Жұмекен ескерткіші жаңғыртылды

(0 Votes)

Орлы орта мектебін 1976 жылы бітірген түлектер сыныптасымыз Әбдібек Бисеновтің бастауымен елімізге танымал ақын, Әнұранымыздың авторы, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтің 85 жылдығына орай туған жеріндегі ескерткішін жаңартайық деп бәріміз бірауыздан келіскен едік.

Сөзімізде тұрып сенбі, 13 маусым күні жолға шықтық. Біраз шақырымдарды артқа тастап ақынға қойылған белгіге де жеттік. Күн ыссы болғанына қарамастан жігіттер барған бойда жұмысқа кірісті. Шыны керек, бұл ескерткіштің маңы біраз қоқып кеткен екен. Талай мәрте тазаланғанын естігенбіз.

Қоқытатын әрлі-берлі өткен суретке түсушілер. Белгінің жан-жағын жақсылап тазаладық. Одан әрі ескерткіш-белгінің құрамына кіретін кітабын, қаламұшты, айналасындағы қоршауын түгел сырладық. Осы жұмысты жүзеге асырғандар Әбдібек Бисенов, Қайыржан Қисамеденов, Бисенбай Харесов, Төребай Ғиылманов және осы жолдардың авторы.

Мұны басқаларға да үлгі болсын, елімізді әлемге танытқан ақынға деген құрметті еселей түссін, өмірімізге жақсы із қалдырайық деген оймен өз күшімізбен, қаражатымызбен жасадық.

Ортаға осындай идея тастап, игі істің атқарылуына ұйытқы болған ауданымызға танымал азамат, Еңбекші ауылдық округінің бұрынғы әкімі Қанат Ғаббасов ағамызға үлкен рахмет айтамыз. Кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге көрсете білетін осындай азаматтарымыз аман жүрсін.

Біздің бастамамызды құп алып, тұрған жеріндегі ескерткіштерге қамқорлық жасаймын дегендер болса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі әрбір ескерткіш біздің өткен тарихымыз. Ол бүлінбей жарқырап тұрса, ауылға, ауданға мерей. Төребай Рысқалиев, Н.Манаев атындағы жалпы орта мектебі директорының міндеті атқарушы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT