Жұмекен: Біз сегіз-он жасымыздан еңбекке араластық

(0 Votes)

Біздің, алты алаштың азаматы Еңсегенов Сәрсенбай Сәбитұлы ұйымдастырған ғылыми, құқықтық, әдеби экспедициямыздың  таңбасы ретінде таңдалып алынған «Қошалаққа бардың ба, құмаршық дәмін таттың ба?»деген   ән- ұран іспеттес білмекке ынтық  көңіл- күйіміз бес күн бойы таң алдындағы Шолпан жұлдызындай жарқырап тұрды.

«Бұл — бес күндік бір майдан ер сынарлық» деп Абай айтпақшы  біздің Атырауда өткізген  бес күніміз, шынында бір майдан ер сынарлықтың нағыз өзі болып шығып, момын дала төсінде өткізген әр күніміз бес ғасырдың жырындай төгілді. Бір ғасырдан бір ғасырды қопарып, күйшілік пен жыршылдықтың ізін кезіп жүрген кезде,  Жұмекен жазып кеткен өмірлік бір жайға кезіктік. Қошалаққа ауылына жол бастаушымыз Құрманғазы аудандық мәслихатының хатшысы Болат Теміржанұлы Жүгінісов баспадан жаңа шыққан «Киелі мекен, қасиетті өлке- Құрманғазы» атты кітап туралы әңгімесінде біраз тақырыптан мағлұмат бере келе, ендігі кезекте кітаптің келесі томында екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ауылда еңбек еткен аналар туралы сөз болмағын атап өтті. Еңбек туралы сөз туса, әрдайым елең ете қалар көңілім, Бөкең айтқан тақырыпты үнсіз-түнсіз аттап кете алмадым, сөз сұрадым. –«Дат, тақсыр, бұған біздің де қосарымыз бар. Мүмкін болса кітап тақырыбын «Ана мен бала еңбегі» деп алсақ қалай болар екен». Бөкең соғыстағы аналар еңбегін сөз қылғанда сол аналардың балаларының да еңбек еткені жайлы Жұмекен ақынның естелігі есіме орала кеткені. Сөз кезегін Қошалақтың қыраны Жұмекенның өз естелігіне берілік: «Теңіз ауданының Қызылоба деген ауылында май зауаты бар. Зауыт жусанды қоңыр төбенің басында. Арқа- батысы- бұрынғы көл табаны,  сай. Сол сайдың түбі- әппақ. Бұл не дегенімізде, ауыл азаматтары: «Маслопромның сүті ғой» деп теріс айналғандары бар. Сөйтсе, зауыт майын ап,, сүтті жерге төгеді екен. Қолға, жемге бірер  сиыр- сыбыр болмаса көк сүтті мал ішпейді десті. Міне, сізге мәселе! Біз сегіз-он жасымыздан еңбекке араластық. Еңбеккүнге айран жазатын. Майды ол кезде де айырып жүрді. Көк сүтттен ұйытқан айранды ұжымшар басшыларының қағазымен бөлуші еді. Тостағанға құйып қолымызға ұстатқанда, абаайламай, бірер ұртамын төгіп асақ, шешелеріміз: «көзің аққыр!» деп қарғайтын... Бүгінгі май зауыты  жанында әлгіндей ысырапты көргенде: «көзің ағарғырды» кімге айтарыңды білмей күйеді екенсің! Біздің замандастарымыз поэзияға: «Бала бола алмадық, өтсек екен әке боп»,(Қ.Мырзалиев)- деген тілекпен келгені сондықтан. Біз балаларымыздың «бала да, әке де» бола алуын қалаймыз!» Бұл Жұмекеннің «Өлеңге қатысты сөз» атты сын мақаласында ақын Жұматай Жақыпбаев пен Есенғали Раушановтың  жылқы- түйені жырлаған өлеңдерін талдай отырып қазіргі ауыл тұрмысын  қандай мән- мағына, қай түстен астар сала жырлау керек дегенге тоқталады.  Ендеше, бізде Жұмекен ақынның өзінің жас кезінде ауыл еңбегін қалай жырлағанына тоқталайық. «Бозарып жұлдыз сиреп аспандағы, Көк жүзін күрең шапақ астарлады. Жалт етіп, түсті үзіліп мөлдір моншақ, Қарағай, қайың, терек, жас талдағы. Тасалап күннің көзін тау қызғанып, Қарайды ой мен дөңге маңғазданып. Тұр Шолпан көк көмбезін қимағандай, Жұлдыздар жайлауында жалғыз қалып. Алтын таң арайында нұрланды қыр. Дегендей, менен жомарт кім бар бүгін?!-  Сол қырдың баурайында комбайндар, Сағатта жатты тиеп жылдар жүгін». Бір өлеңде бүкіл табиғат тыныс тапқан. Бар табиғат-бір тіршілік, бір тіршілік баяғы. Тіршілік тыныштығы. Дәуір тынысы. Дәуір шындығы. Соңғы екі жолда: «Сол қырдың баурайында комбайндар, Сағатта жатты тиеп жылдар жүгін.» Қандай астарлы да, асқақ асыл сөздер. Шын мәніндегі азамат сөзі айтылған жерде уақыт рухы қаға беріс қала алмайды! Азамат сөзі! Жұмекеннің ақындық сыры- азаматтық сөзін айта білуінде, жеткізе білуінде. Жұмекен суретші. Қиыннан қиыстырған қырағы көреген көшелі өнер иесі. Жаңағы «Таң сәріде» Жұмекеннің «Лениншіл жас» газетінде 1956 жылдың 17 қарашасында басылған өлеңі. 28.05.1959 жылы өндіріске тапсырылған «Жас қанат» атты Қазақстан жас ақындарының өлеңдері мен поэмалары жинағында өлеңнің соңғы төрт жолдары жоқ.  Мүмкін, таза табиғат суреті ретінде беруге қалады ма, редактор, кім біліпті, бірақ өлеңнің еңбекке, адал еңбекке арналған тап-таза, мөп- мөлдір сезімге толы жолдарын қиып тастау өнерге обал, ақиқатқа қиянат болып шықты. Біздің де әкеміз, егіні мол шыққан 1956 жылы дән теріп, дән егіп терлеген адал еңбек адамы, комбайнер еді. Біздің қазақ әдебитінің  ең кең өрісті, ең мол мұралы қадрлі жанры- поэзияда еңбек пен еңбекшінің адал тері туралы шынайы, сұлу образдар жасаған ақынның бірі, тіпті бірегейі Жұмекен Нәжімеденов.   Әбу Сәрсенбаев естелегінде «Жұмекен тез өсті» депті, ол рас, Жұмекен тез өсуге, тез жетілуге  тиісті болды. Оның себебі, Жұмекен үлкен өндірістен еңбек етіп келген кісі. Көмір өндірісі- өмір өндірісі. Жұмекен 1955 жылы 28 қыркүйекте көмір қазатын комбайнердің көмекшісі болып ресми түрде қабылданды, табельдік нөмірі- 390, комсомольдік жолдамамен келген жастардың жатаханасы - нөмір 3-і интернатқа орналасты. Жұмекен тұрған нөмір 3 интернаттың жағдайы біршама дұрыс, қалғандарының жағдайы аса мәз емес. Кейбіреуінде шахтаға қатысы жоқ адамдар тұрғандықтан, ұрыс-керіс, төбелес, жанжалдар, ұрлық жиілеген, асханада азықтан, ақшадан алдаған. 1955 жылдың 17 желтоқсанында өткен Қарағанды қаласының көмір өнеркәсібі еңбекшілерінің Сталин аудандық кәсіподағының 4 аудандық конференциясының хаттамасын (Ф-513, т.1, іс-30) оқысаңыз сол жылғы шахтерлер өмірінің шын сипатын көресіз. 335 делегаттан конференцияға 296 адам қатысқан, 25-і белгілі себептермен қатыспаса, 14 делегаттың келмеуі белгісіз. Баяндамада Сталинуголь трестінің басшысы Обуховтың көмір өндіруді жоспарлы, жүйелі түрде ұйымдастыра алмай, көмірді шабуылға шығып, қамал алғандай, елдің бәрін қаптатып, аласапыранға салыну арқылы қаздыратынын атап, бұндай күндерді шахтерлер ауыз әдебиеті «Сабантой» деп аталған. Нөмір 33/34 шахтаның проходчигі Шлегель өз сөзінде жұмысшылар мен қызметкерлерге шахтада жалақы өте нашар және уақытында берілмегенін айтса, Ускова шахта әкімшілігіне тек қана көмір қазу керек дейді. Шахтадағы монша әлі күнге дейін бітпеген, сменадан шыққан шахтерлерді жуынуға көрші 35, 61 шахталарға апарады. Келесі 19.07.1956 жылғы конференцияда  нөмір 33/34 шахтаның кәсіподақ ұйымының төрағасы Стариков шахтадағы үлкен өрттен келе алмай, шахтадағы партиялық ұйымдастырушы Толмачев қатысқан. Бұл конференцияда шахтаның бұрынғы бастығы Фролов пен қазіргі бастығы Волковтардың өндірістік жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауынан өздері барлық былыққа кінәлі екені. Көмір қазатын жерлерде жұмыс орындары алдын ала дайындалмайды, көмір қазатын сменаның шахтерлері дайындаушы сменалардың жұмысын атқарады, уақытында бос вагондар мен тіреу ағаштар жеткізілмейтіндігі сөз болған. Бастықтардың бар ойлайтындары тек қана көмір қазу, шахтерлердің өміріне көңіл бөлмейді. Шахтаның қуаты 78 пайызға ғана игерілген. Пархоменко заводының маңайында арақ сататын 20 дүкен қонжиған. Костенко паркінде таза су ішетін бірде бір киоск жоқ. Мерзімінде орындалмаған жоспарды еңсеру үшін елдің есін шығарып, екі аяқты бір етікке тығып, бәрін көмір қазуға айдаған. Шахта поселкісінің айналасы адам көргісіз, лас, неше түрлі өндірістік қоқыс, қалдықтар, барлық көшелер шұңқырлар мен жыраларға толы. Шахтерлер үйін жөндеу жұмыстары  жөн-жобасыз жүргізіледі. Шахтада өртке қарсы пайдаланылатын екі камера  керекті саймандармен жасақталмай, жара байлайтын пакеттер алынбаса, екінші көкжиекті желдетіп тазалау үшін керекті істер атқарылмаған. Шахта жатаханалары ыстық қайнаған су беретін титандарсыз тұр. Шахтаның жуыну комбинаты 20 жыл бұрын салынған, ал жұмысшылардың саны 3 есе көбейген. Моншаны жөндеу мерзімінде шахтерлердің уақытша жуынатын орны өте суық, жел өтінде. Шахтада қысқы киім жоқтың қасы. Әкімшілік шахтерлерден тек қана жұмыс істеуді талап ете біледі. Бірақ ешкім оның тұрмыс жағдайын ойламайды, оған не жетіспейтіндігіне мән бермейді. Өндірістік киім қолмен жуылады. Шахтада  кейінгі кезде өте көп жастар , әскерден оралған солдаттар, әртүрлі тараптардан ағылған адамдар. Шахтада 4 интернат бар. Олардың ішінде жағдайлары өте нашары, еркектердің және әйелдердің интернаттары. Бөлмелерде радио- репродуктор, орындықтар қойылмаған. Кейбір бөлмелер киім ілетін шифонерсіз, жылыту жүйесі жұмыс істемейді. Су құятын ыдыс, киім үтіктейтін бөлме бөлінбеген. 1956 жылдың бірінші жартысында шахтада 554 кісі жұмысқа себепсіз шықпаған. Жолдастық сотқа 70 іс түскен, қаралғаны - 17. Шахта әкімшілігі тек қана жазалаумен тәртіп орнатамыз деп ойлайды. 489 еңбек тәртібін бұзушылық орын алған, оның ішінде 43 адам шахтаны өз бетімен тастап кеткен. Ал, Фролов пен Волков осындай жағдайда не істеді? 127 кісінің еңбек жылдарын кесті, 17 адамды басқа жұмысқа ауыстырып, 14 адамды жұмыстан шығарса, 34 адамның ісін жолдастық сотқа берді, 254 адамды әкімшілік жазаға тартты. 1955 жылдың қарашасы мен 1956 жылдың қарашасының аралығында шахтада 367 бақытсыз жағдай орын алып, 3 адам ауыр жарақаттанса, 4 адам қаза болған. Сол кездегі көмірөнеркәсібі кәсіподақ ұйымдарының хаттамаларын оқып отырып, Жұмекеннің қандай ауыр, күрделі, қиын уақытта кенші болғанын көресіз. Лавадағы шаң дариясынан  жас өкпе молымен ұрттады, сыртқа шықса, түтіндеп, улы газбен лоқсып, құсып жатқан  тау-тау парода-террикондар, көмір күйесіне көмілген көшелер. Жұмекен бізге сонау кезден сыр айтып: «...қарашы , анау пародаға үйілген: Қара таулар қайғыдан да тымырсық, әлсін- әлсін түтін құсады ыңырсып»,- деп қатігез, қайғылы кезеңді сүреттейді. Тау-тау болып үйілген жер қабатынан көмір қазу барысында шығарылып тасталған парода үйінділерін террикондар деп атаған. Террикон сөзі көлбеу жер деген ұғымды береді. Пароданың арасында көмірі 20 проценттей ғана құрайтын тастар да болған.  Олар пароданың астында қалып ауа арқылы жеткен оттегінің әсерімен тұтанып, жанып жатады. Жел әсерімен  сыртқа теуіп, түтіндейді. Қасынан өткенде шынында да террикон пародасы «ухілеп» дыбыс береді. «бух-бух» деп ыңырсый түтінді сыртқа лоқсытады.. Ауыр науқас, қайғылы алып адамның, көмек сұраған күрсінісі түтінге тұншығып жым болады.. Қайғылы, қамаулы, қайлалы қайран Қарағандының  кірпігін күйе, күйік, күз-көңіл аштырмады  қабағын. Жұмекеннің шахтёрлік ғұмырын растап бекітетін ресми құжат Қарағандының мұрағатында әлі  күнге дейін сақтаулы, көшірмесін ұсынып отырмыз. Мұрағаттағы есеп-қисап жазбасы бойынша Жұмекеннің алғашқы айлық табысы 48 разрядпен есептегенде 500 сом болыпты. Мүмкін, Құрманғазы ауданының өлкетанушылары соғыс жылдарындағы ауылдағы аналардың еңбегіне қатысты деректерді зерттегенде сол аналардың 7-10 жасар балаларының да еңбеккүндері хатталған жазба ақпараттар табылып жатқанда Жұмекен Нәжімеденовтің де есімі жолығып қалар. Жұмекеннің өмірі, өнері жас ұрпаққа үлгі болар деп сенеміз, үйткені ақын үлкен өндіріске, үлкен өнерге ауылдағы аналардың адал еңбегінен үйреніп келді ғой.

Марат Азбанбаев, заңгер, зерттеуші

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT