Жұмбағы мол найзағай

(0 Votes)

Қауіп төндіретін жағдайлардың бірі – найзағай түсуі.

Найзағайдан адамдар ежелгі заманнан бері қорқады және осы күнге дейін оған әсер ете алмағандықтан құпиясы мол тылсым болып қалуда. Оның күші 10-500 мың ампер, бойындағы ток 10 миллионнан 1 миллиард вольтқа жететінін ескерсек, одан адамның аман қалуы сирек. Зерттеушілер оның температурасы күннің бетінен бес есе жоғары, целсимен 30 мың градусты, жылдамдығы секундына 56 мың шақырымды құрайтынын анықтаған. Оны тасымалдайтын бұлттар сағатына 40 шақырымға қозғалғанымен, әр секунд сайын жер бетіне 40-60 найзағай түсіп отырады. Тағы бір қызығы ол бір жерге екі рет түсуі және бұлттан шығып 15 шақырымға дейін баруы мүмкін. Жалпы найзағайлар бұлтішілік және жерге түсетін болып екіге бөлінеді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек әлем бойынша жылына 240 мың адам найзағай түсуінен зардап шексе, соның 25 пайызы өліммен аяқталады. Қазақстанда биыл маусым айында Қарағанды облысындағы бір көлдің жағасына түсіп, сол жерде жүрген бір үйір, яғни, 69 жылқы қырылып қалған. Осы жылдың 15 шілдесі күні ақпарат құралдары Ақмола облысының Жарқайың ауданында найзағай түсуінен 1973 жылы туған малшы мен астындағы аты қаза тапқанын хабарлады. Малшы күркір кезінде жазық далада жүрген екен. Найзағай мұндай жерде қашан да биік нүктеге түсетіні ғылыми жолмен дәлелденген. Сол себепті күн күркіреп, найзағай ойнай бастаса дереу ашық алаңқай мен суға жоламаңыз.

Бала кезімде, Кеңес Одағы тұсында Ермен ауылына анаммен бірге шөп шабуға, яғни үйдегі малға қысқы азық дайындауға барып жүрдім. Бірде екеуіміз шабындықта жүргенде күн күркіреп, жаңбыр жауа бастады. Жақын жердегі бөгет шетінде егіншілердің жазғы орны бар еді. «Шалаш» деп атайтынбыз. Мұнда шөп шабушыларға түскі ас әзірлейтін. Ол кезде бос тұрды. Сонда барып паналадық. Аспан сатыр-сұтыр, тасыр-күсір етіп, найзағай жарқылдады. Сәлден кейін бірдеңе тарс ете түсті. Жаңбыр қатты келсе тез ашылатын әдеті. Тоқтаған бойда шөп шабуға шықтық. Бізден біраз қашықтықта шабындық шетінде бір үлкен терек тұрған. Талай рет ыссыда соның көлеңкесінде отырып анам екеуіміз шалап ішкенбіз. Соған көзім түсіп кетті. Жартысы сынып жерде жатыр. Анама айтқанымда: «Найзағай түскен ғой», деді. Бұтағы жуан теректі қалай опырып жіберген десеңізші. Іште отырғанда тарс кеткен дыбыс сол болса керек. Кейін сол терек қурап қалды да отынға кетті. Одан кейін найзағай түскен теректі немесе басқа нәрсені көрген жоқпын.

Жалпы күн күркіреп найзағай ойнауы жазда жиі кездесетін қауіпті құбылыс. Көп адамдар оған мән бермейді. Бұл дұрыс емес. Найзағай түскен жағдайлардың басым бөлігінде адамдар суда және жазық жерде жүрген екен. Бұрын бала кезімізде найзағай ойнай бастаса үлкендер: «Субханалла! Су жағала!» дейтін. Ол жерге түсіп адамды өлтіріп немесе шөпті өртеме дегенді меңзесе керек. Бүгінде адамдар найзағайға селқос қарайды. Сол себепті күркір кезінде найзағай түсуінен сақтануды білмейді. 1988 жылы Конго Демократиялық Республикасында бірден 11 адам өлген. Қайтыс болғандар футбол жарысына қатысуға келген команда мүшелері. Найзағай ойын кезінде түскен. Алайда, найзағай түскеннен өлмейтін адам да бар болып шықты. Рой Салливан есімді американдық орманшыға ол 1942-1977 жылдар аралығында 7 рет түскен көрінеді. Кейін бұл адам Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген. Күркір адам өмірі үшін аса қауіпті құбылыстың бірі болып саналады. Найзағайдың жылдамдығын жоғарыда келтірдік, оның түсуі әп-сәтте, теңеп айтсақ көзді ашып-жұмғандай жылдамдықта өтеді. Көбіне ол адамды есінен айырып, жүрек соғуы мен дем алысының тоқтауына соқтырады. Денесінде қызыл сызықтар түріндегі күйік пен ішіне ауа толған жарақаттар қалдырады. Ғалымдар күркірдің қандай қашықтықта екенін оның дауысы мен найзағай жарқылы арасындағы секундтарға қарап анықтауға болады деген пікір айтады.

Күркір мен найзағайдың арасындағы 1 секунд үзіліс оның 300-400 метрде екенін білдіреді. Үш секунд болса 1 шақырым жерде. Төрт секунд болса 1,3 шақырымда және т.с.с.

Одан сақтану үшін ашық жерде болмаңыз. Жаңа айтқанымыздай найзағай ең биік нүктеге түсетіндіктен жазық жердегі жалғыз адам оған дәл сондай нысана. Күн күркіреп найзағай ойнағанда осындай жерде қалсаңыз дереу жақын жердегі шұңқырға,сайға төмен қарап отыра кетіңіз. Су ток өткізетіндіктен одан қашық жүріңіз. Өйткені найзағайдан пайда болған ток судың жағасында 100 метр жерге дейін тарайды. Мұндай кезде ұялы телефонмен сөйлесу де қауіпті. Телефоныңызды бірден сөндіріп тастаңыз. Бұған дейін телефоннан шыққан қоңырау найзағай түсуіне себеп болған фактілер тіркелген. Сонымен қатар темір-терсектен тез арылыңыз. Сағат, мойындағы шынжыр, тіпті ашық қолшатыр да найзағайды өзіне тартады. Адам қалтасындағы кілттер байламы да найзағай түсуіне себепші болған жағдай кездескен. Сиырлар мен теректер де оны өзіне бағыттайтыны дәлелденген. Қызықты жайт найзағай құмға түссе әйнекке айналдырады екен.

Қалай десек те найзағай табиғаттың сырын ішіне бүккен тылсым күші. Сондықтан одан сақтанып жүрген артықтық етпейді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521