Жұлдызсыз батыр

(0 Votes)

Менің әкем Ғапу Қайырлыұлы Өмірәлиев 1914 жылы дүниеге келген.

Әкесі Қайырлы жас кезінде қайтыс болған соң, атасы Өмірәлі мен анасы Салиқаның тәрбиесінде болды. Еңбек жолын 1937 жылы Төңкеріс балық батағасында қойма меңгерушісі қызметінде бастайды.

1938-1940 жылдары Морской ауылдық кеңесінде хатшы, 1940-1941 жылдары Теңіз аудандық прокурорының көмекшісі болып еңбек етеді. Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдан 1946 жылға дейін әскер қатарында майданның отты жолдарынан өтіп, 1946-1964 жылдары Морской, Ботақан ауылдық кеңестерінде, Алға ұжымшарында төраға, Зормата ауылдық кеңесінде хатшы, ферма меңгерушісі, бригадир, Киров кеңшарында фермада аға жұмысшы қызметтерін абыроймен атқарды. 1964 жылдың 22 қарашасында өз еркімен денсаулығына байланысты ол жұмыстан босап, 26 қарашадан бастап дүкен меңгерушісі болып еңбек етті. 1965 жылы 20 желтоқсанда өмірден өтіп Зормата ауылына жерленді.

Ғапу Қайырлыұлы Қызыл армияға 1941 жылдың желтоқсан айында Теңіз аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Ұлы Отан соғысында 20 гвардиялық механикаландырылған бригаданың 2-ші мотоатқыштар батальонының құрамында, гвардиялық старшина шенінде барлау бөлімшесінің командирі болды. Кезінде ерлігі үшін 1945 жылдың 23 наурызында Кеңес Одағының батыры атағы мен Ленин орденіне ұсынылған, алайда түрлі себептермен берілмеген. Сол ерлігін Жұмабай Доспанов 2017 жылы «Ағатай» баспасынан шыққан «Майдан кешкен» кітабының 383-ші бетінде баяндап: «1945 жылдың 4 наурызында Керлин қаласына шабуылға шыққан батальонға жау қатты қарсылық көрсетеді. Күшті шайқас басталғанда батальон командирі қаланың шығыс шетіндегі көпірді басып алып, қарсыластың кейін шегінер жолын кесіп, өткелді Белград қаласынан біздің танктер келгенше ұстап тұру мақсатымен сол бағытқа гвардия старшинасы Өмірәлиев бастаған атқыштар тобын жібереді. Гвардия старшинасы Өмірәлиев 15 адамдық топпен орманды оң жағынан айналып, өзеннен өтіп, жаудың тылына шығып, ұрыспен көпірді жаулап алды» деп жазады. Ғ.Өмірәлиев бастаған топ неміс окоптарына бекініп алып, күші басым жаумен 6 сағат бойы шайқасып, Перзанте өзеніндегі көпірді біздің танкілер келгенше ұстап тұрған. Осы шайқаста ол бастаған топ жауды 60 адамынан өлідей және жаралы күйде айырып, 10 автомашинасын жойған. Сондай-ақ батыр Госсинтин стансасна шабуыл кезінде 6 адамдық атқыштар тобымен аталған елді мекен мен жиһаз фабрикасы орналасқан ауданды барлау жөнінде тапсырманы орындап, директордың өзі бастаған барлық басқарушыларды тұтқындайды. Жаудың құнды құрал-жабдықтары бар фабриканы жойып жіберуге жұмсаған тобының жолын кеседі. Одан кейін қосымша 10 адамдық атқыштар тобымен түн жамылып Госсинтин стансасына келіп, кеткелі жатқан әскери жүктер тиелген екі теміржол құрамын қолға түсіреді.

Батыр соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Жауынгерлік Қызыл ту», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Будапештті азат еткені үшін» медальдарымен, бірнеше рет бас қолбасшы И.Сталиннің хаттарымен марапатталған. Оған дейін 1939 жылы Бүкілодақтық халық санағына белсене қатысқаны үшін алғыс алған («Известия» газеті 2 маусым 1939 жыл).Соғыстан кейін Қабира Зұлхашқызымен (1926-2006) бас қосып 1 қыз, үш ұл келді. Әкеміз салмақты, білімді, қарапайым,адамгершілігі мол, жайлы адам болды.

Молдабай Өмірәлиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT