«Жұлдызайдың» жұлдыздары

(0 Votes)

Облыстық Білім беру басқармасының әдістемелік орталығы мен облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының ұйымдастыруымен өткен ерекше балаларға арналған «Жұлдызай» шығармашылық фестивалінің облыстық кезеңіне жолдама алған бүлдіршіндер олжалы оралды.

Оның мақсаты –  шығармашыл дарынды балаларды анықтау, олардың жеке ерекшелiк таланттарын дамыту, қоғамда әлеуметтiк бейiмделуiне қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі балғындардың шығармашылық әлеуетiн дамытуға қолдау көрсету. Жыл сайын өткзілетін фестивальдің облыстық кезеңіне «вокал», «хореография», «аспапта ойнау», «ым-ишарамен ән айту» номинациялары бойынша 60-қа жуық үміткер қатысты. Ауданымыздан қатысқан М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің оқушысы, аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған оңалту орталығының тәрбиеленушісі Нұрай Жаңбырбай (жетекшісі Болат Бидоллаев)«аспапта ойнау»  номинациясы бойынша облыста да жеңімпаз атанды.

zhldyzaj1

Оның ізін жалғаған Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Ельфира Хапар (жетекшісі Айболат Ордағалиев)«вокал» жанрында үздік атанып, Нұрай екеуі фестивальдің республикалық кезеңіне жолдама алды. Абай атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Ақтілек Тұрмағанбет (жетекшісі Аягөз Өтепова) «хореография» аталымынан ІІІ орыннан көрінді. Жеңімпаздар 1 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін фестивальге қатысады. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ерекше балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуды мақсат еткен шараға ниет білдірушілер саны артып келетіні көңілді қуантады. Ендеше, республикалық кезеңге қазірден бастап Болат, Айболат ағайларының қолдауымен қызу дайындықты бастап кеткен балғындарға сәттілік тілейміз.

zhldyzaj2

Айнагүл Шакупова      

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT