Өзгермейді ұлы Абайдың ілімі

(0 Votes)

Ілімімен балаң шақтан танысқам,

Қазағым деп арпалысқан, алысқан.

Басындағы сорды көріп халқының,

Арылсын деп қайғы ойлаған, қамыққан.

Зарықса ол, қазағым деп зарыққан,

Ілімі оның алауы нұр, жарық таң.

Данышпандар қолдан құдай болғанмен,

Қазағымда жалғыз Абай данышпан!

Сөз қалдырған жарылардай намыстан,

Абай жолы адастырмас дәл ұстам.

Көк аспандай көз жеткізбес биік те,

Адастырмас бағыт нұсқар ғарыштан.

Абай сенің, менің дағы алаңым,

Мойындады, солай деді ғалам – үн!

Бұл перзенті қазағымның білгенге,

Ең асылы ұланғайыр даланың.

Тағдыры ауыр, тарих дейді, талайлы,

Түсінбеген жарығы мол дара айды.

Біздің қазақ қандай ғана бақытты,

Туған елміз сол ғұлама Абайды.

Биыл оған жүз жетпіс бес жыл дейді,

Ел Тәуелсіз арман-үміт гүлдейді.

Ұлағатын, ізгі арманын түсініп,

Жұрты бүгін ел мен жер деп мұң жейді.

Ығысты одан әлемдегі талай дүр,

Өйткені Абай күллі дүниеге арай нұр.

Неміс, орыс, көшесінде басқаның,

Тас мүсін боп ақыл айтып Абай тұр.

Еніп кетсе жан деген бір сарайға,

Кемісіңді толтырады қалайда.

Қай халықта данышпаннан құр емес,

Алайда олар жетпейді ғой, Абайға.

Тартылмаған шалқар күйде айдыны,

Жер жаһанға, түгел мәлім айбыны.

Уағызына ұйыса ғой күллі әлем,

Білмес еді, онда шер мен қайғыны.

Ел мен елдер жатпас болар бүлініп,

Жүректер де таппас мұңды тілініп.

Заң – законде, бәрі өзгеріп жатқан шақ,

Өзгермейді Ұлы Абайдың ілімі.

Таңатар Дәрелұлы,

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT