Өзгерістерге бастар жол

(0 Votes)

Тәуелсіз еліміздің 30 жылдығын атап өту белгіленіп отырған алдағы жыл Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын өткізумен басталғалы тұр.

Бұның өзі елімізде жасалатын әлеуметтік-экономикалық даму үдерістерінің, елді цифрландыру ісіндегі жаңа қадамдардың басы болмақ. Демек, елдің саяси белсенділігін арттыратын елеулі оқиға.

Әр адам баласы алдағы күндерден бір жаңалық, тосын сый күтетіні белгілі. Мен де 10 қаңтарда өтетін сайлауда өзгерістер орын алатынына сенемін. Менің ойымша парламенттің, мәслихаттардың құрамы 60-70 пайызға өзгеруі мүмкін. Жаңа адамдар жаңа идеяларымен келіп мемлекетіміздің саясатына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Өз басым жаңа депутаттардан үлкен үміт күтемін, лайықты адамдар өтеді деп ойлаймын.

Елімізде көппартиялықты дамыту, қоғамдық-саяси өмірге азаматтардың қатысу аясын кеңейту бағытында бірқатар шаралар алынды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Үндеуінде айтылғандай алдағы уақытта Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланатын болады. Оларға бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығы берілмек. Тағы бір өзгеріс партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл заң шығару органдарында халықтың аталған тобындағыларды көбірек тартып, белсенділігін арттыруға үлкен септігін тигізеді. Алғаш рет алдағы мәслихаттар сайлауы партиялық тізім бойынша өтіп, жергілікті жерде саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға зор ықпалы болары анық. Еліміздегі саяси партиялардың жұмысына жан бітіп, саяси-әлеуметтік жаңа бастамалар мен тың идеяларды өмірге әкелуге тың мүмкіндік беріледі.

Саяси науқанда дауыс жинаған партиялар өздерінің сайлау алдындағы тұғырнамалық бағдарламалары мен сайлаушылар алдындағы уәдесін ұмытып кетпей, өз өкілеттігінің шеңберінде елге еткен қызметімен ғана сыйлы бола алатынын білуі керек. Еліміздің қоғамдық даму жолындағы, саяси жаңарудағы, экономикалық-әлеуметтік өсіп-өркендеу жолындағы кедергілерді көре біліп, жаңа, жарқын жолға түсуде жаңашылдықты ту ете алған депутаттар ғана нағыз халық қалаулысы болмақ.

Сайлауға халық белсенді қатысып өз таңдауын жасайды, сайланған азаматтар ел мүддесін әр уақытта алғашқы орынға қойып, сенімнен шыға береді деп үміттенемін. Бұл сайлау демократияны нығайтуға, қоғамдық ынтымақтастықты күшейтуге және еліміздің дамуына жаңа серпін әкеледі. Бүгінде әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында еліміз дереу шешілуі тиіс бірқатар мәселелерге тап болып отыр. Алдағы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы демократиялық түрде өтіп, еліміздің саяси жүйесінің жаңаруын қамтамасыз етеді деп ойлаймын. Президент атап өткендей, біздің мемлекетіміздің басты миссиясы – Қазақстанның гүлденуі және әрбір азаматтың әл-ауқатының жақсаруы. Ол үшін әрқайсымыздың бойымызда патриотизм мен жауапкершілік жоғары деңгейде болуы тиіс.

Қ.ЖАРМҰХАНБЕТОВ,

Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521