Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлыбек Ожаев іс сапармен Құрманғазы ауданында болып, Теңіз ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.
Мұнда да халық қалаулысы 5 маусымда өтетін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум жөнінде жан-жақты айтып өтті. Жиынға қатысушылар ҚР Конституциясына енгізу жоспарланған барлық толықтырулар мен түзетулерді оң қабылдады. Ауыл тұрғыны Ануар Гумаров референудумнан кейін қандай өзгерістер орын алатынын сұраса, еңбек ардагері Ұзақ Жадғұлов аудан әкімін кім сайлайтынына қызығушылық танытты. Ауыл тұрғыны Маржан Утегулова әйелдердің зейнет жасын төмендету, жеке кәсіпкер Сатқан Қалиев ауылда қаңырап бос тұрған балабақшаны тезірек қалыпқа келтіру жөнінде мәселелерін көтерді. Өйткені, қазіргі уақытта 40 бала балабақшамен қамтылса, 80-і кезекте тұрғанын қаперге берді. Жеке кәсіпкер Сәулеш Бегәлиева ойын алаңын жаңарту, базар бағасын реттеу, қант тапшылығы жөнінде халықтың жанайқайын жеткізді. Ауыл тұрғыны Самат Аманғалиев құрдымға кетіп бара жатқан ветеринария саласына жаңадан реформа енгізу, ауылдық клубтың меңгерушісі Гүлнар Насипова 2013 жылдан бері апаттық жағдайда тұрған клубтың мәселесін ескертті.