Өзгеріс енгізу тегін жүзеге асады

(0 Votes)

Өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында аудан орталығының бірқатар көшелері ауысып, үйлердің реттік сандары түбегейлі өзгеріске ұшырады.

Тұрғындар тарапынан түсінбестіктер туындап, редакциямызға көптеген хаттар түсіп, әлеуметтік желіде де сауалдар қойылды. Осыған орай Құрманғазы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы МЕРЕЙ ӘЖІГЕРЕЕВТІ әңгімеге тартқан болатынбыз.

- Мерей Есенгелдіұлы, өзіңіз де біліп отырған шығарсыз бұл турасында сұрақтар өте көп. Алдымен, жалпы округ бойынша үйлердің нөмірлену реттілігін өзгерту жұмыстары қайдан бастау алды, соны білсек дейміз?

Елімізде көше, жер-су атауларын қазақыландару уақыт өткен сайын біртіндеп оң шешімін тауып келеді. Кеңестік заманда орысша атауларға ие болған аумақтар бүгінде бұқаралық сипат алып, халықтың бастамасымен өзгеріп жатырғаны белгілі. 2018 жылы Атырау облысы әкімдігінің және Атырау облыстық мәслихатының бірлескен қаулы және шешімі негізінде Ганюшкин ауылы Құрманғазы ауылы болып, «Ганюшкин ауылдық округ әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі - «Құрманғазы ауылдық округ әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. Осының негізінде округке қарасты барлық нысандардың (мемлекеттік, кәсіпкерлік нысандар) және тұрғын үйлердің тіркеу құжаттарына өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Жасыратыны жоқ, бұрынырақта көшелерде орналасқан объектілердің нөмірлену реттілігі мүлдем сақталмай келді. Мекенжай бойынша қажетті үй түгілі, көшені табудың өзі қиынның қиыны еді. Жедел жәрдем, пошта, коммуналдық қызмет көрсетуші, өрт сөндіруші мекемелер, полиция қызметіне қиындықтар туғызып отырды. Жиындарда осы түйінді мәселе талай көтеріліп, сөз болды. Айтылған сын-ескертпелерді ескере келіп ауылдық окрутің жанындағы қоғамдастық мүшелерінің талқысына салынды. Ашық дауыс беру арқылы ауылдық мекенжайдың нөмірлену реттілігін дұрыстау бойынша шешім алынды. Қазіргі уақытта көшелерге жаңа форматтағы маңдайшаларды қондыру жұмыстары толықтай аяқталды. Сонымен қатар, бұрын болмаған көше бағыттамалары да қондырылды. Мұның нақты артықшылығы, жол бойымен келе жатырған кезде осы бағыттамалар арқылы керек көшені бірден тауып алудың мүмкіндігі бар. Тағы бір жаңашылдық, маңдайшаның оң жағында орналасқан QR-код арқылы мекенжайда тұратындар туралы толық мәліметті білуге болады.

- «Біткен іске сыншы көп» деген, көптеген сұрақтар осы жерде туындап отыр, бірі бұрындары үйлері көшенің басында болып, енді соңына қарай кеткенін, енді біреулері тіпті көшесінің де өзгеріп кеткенін айтады. Өзгеріс барысында көше атауларының жойылып кеткені бар ма?

- Көше бағыттары ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 22 желтоқсандағы №783 және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1262 бұйрығымен бекітілген ел аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу қағидаларының 25 бабымен сәйкестендірілді. Бұл бапта «Оңтүстіктен солтүстікке (батыстан шығысқа) қарай құрылыстың үздіксіз бағытын түзеген ғимараттарға (құрылыстарға) реттік нөмір беру тиісінше оңтүстіктен солтүстікке (батыстан шығысқа) қарай жүргізіледі делінген. Осыған орай, Құрманғазы ауылындағы көшелердің бағыттары заң нормаларына сай сәйкестендірілді. Үйлермен қатар, көше бойындағы түрлі кәсіпкерлік нысандарға да реттік нөмір беріліп, маңдайша қағылды. Атырау облыстық ономастикалық комиссиямен тіркелген округтегі 59 көшенің барлығы да сақталды, тек орналасуында сәл өзгерістер бар. Құрманғазы ауылы бірнеше ықшамаудандарды біріктіретін үлкен округ болуына байланысты, көше реттілігін өзгерту бойынша біраз шаруа атқарылды. Бұл жұмыстардың басы-қасында округ мамандарының аяқтай жүріп, бір кісідей атсалысқанын айта кеткен жөн. Осы ретте бұл бағыттағы істердің тұрғындардың игілілігі үшін жасалғанын айта отырып, кем-кетігі болса түсіністікпен қарауларын сұраймын.

- Сонда да бұл жарты іс дегененіміз артық айтқандық болмас, мұның артында тұрғындардың қайта құжат жасату машақаты тұрған жоқ па?

- Әрине, ондай жұмыстардың жүргізілетіні түсінікті жайт. Әрбір үйге жаңадан маңдайшалар қондырылғаннан кейін, тұрғын үй құжаттарына заң нормаларына сәйкес өзгеріс енгізу қажет. Ол үшін алдымен Құрманғазы ауылдық округі әкімі аппаратына келіп, мекенжайды растау үшін анықтама алатын болады. Сол анықтамамен аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжаттарына қажетті өзгерістерді енгізеді. Өзгерістер енгізу бойынша барлық іс-әрекеттер ақысыз түрде жүзеге асады.

- Құжаттарды рәсімдеу үшін әр тұрғын өзі баруы шарт па? Қандай құжаттар қажет? Өзгерістер енгізу бойынша уақыт шектеуі бар ма?

- Құжаттарға өзгеріс енгізу үшін үйдің иесі тұрғын үйдің тіркелген жылжымайтын мүлік объектісіне техникалық төлқұжатымен (техникалық паспорт), жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актісі, жылжымайтын мүліктің меншік иесімен және округ әкімі аппаратынан алынған анықтамамен халыққа қызмет көрсету орталығына өзінің куәлігімен немесе сенімхат берілген өкілі баруға болады. Заң тұрғысында құжаттарды өзгерту бойынша уақытпен ешқандай шектеу жоқ. Алайда, 2020 жылы Қазақстан бойынша бүкілхалықтық санақ келе жатырғанын ескерте отырып, барлық құжаттарыңызға жақын арада өзгерістер енгізуді сұраймыз.

- Ал, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілердің құжаттарына өзгеріс енгізу тәртібі ше?

- Мемлекеттік органмен кәсіпкерлік субъектілердің құжаттарына өзгеріс енгізу тұрғын үй құжаттарына өзгеріс енгізу тәртібіндей жүзеге асады. Яғни, бірінші округ әкімі аппаратынан жаңа мекенжайды растау анықтамасын алып, халыққа қызмет көрсету орталығына нысанның мемлекеттік тіркеу құжаттарымен барып, қажетті өзгерістерді енгізеді. Барлық қызметтер ақысыз түрде жүргізіледі.

Сұхбаттасқан А,НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT