Балықшылар күніне арналған шараға Сафон ауылдық округінің Қиғаш өзенінің жағасындағы көктің иісі бұрқыраған, жан-жағын жасыл желек қоршаған, салқын самал ескен табиғаты тамылжыған жері таңдалыпты.
Осы арада көкке жайылған қаздардай болып ақшаңқын киіз үйлер тігіліпті. Сұрастыра келгенде оларды құрған табиғат пайдаланушылар «Амангелді» ЖШС мен «Сев Каспий Фиш» балық зауыты, «Ақсу-Қиғаш»ЖШС, балық қорғау инспекциясы, «Каспий-Балық» ӨК, Орман шаруашылығы мекемесі, «Сәрсенбаев» шаруа қожалығы, «Кас-пий Таңы» ӨК және округтер мен жеке кәсіпкерлер екенін анықтадық. Әрқайсысының жанында түрлі түсті жалаушалар желбіреп, көз тартар көрнекіліктер қойылған. Одан бөлек көршілес Ресей Федерациясының Красный Яр ауданынан он автокөлікпен келген кәсіпкерлер тұрғындарға өз азық-түлік өнімдерін, тұрмыстық қажетті құрал-жабдықтарын, ойыншықтарын ұсынуда. Табиғат аясында төбесі жабылған, астына үстелдер мен орындықтар қойылған тамақтану орындарын да орнатыпты. Бір шетінде иісі тәбетіңді ашатын кәуаптар пісіріліп жатты. Сонымен қатар олар әкелген батуттарда бала біткен секіріп ойнап мәз-мейрам болды. Таңмен ерте барып шараның дайындығымен танысқан аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров ресейлік қонақтармен амандасып, жағдайларын біліп, олардың шақырса болды «маған анау керек, мынау керек», деп сөзбұйдаға салмай сол бойда барлық қажетті құрал-жабдықтарын алып жететініне ризашылығын білдірді.
Алаң ортасындағы әсем безендірілген сахна сонадайдан көз тартады. Алдына көрермендерді күннен көлегейлейтін, төбесі жабылған отыратын орын дайындалған. Жағалай киіз үйлермен қоршалған алаңда ерекше бір атмосфера орнағандай. Ол алда болатын шараның ауқымды екенінен хабардар етіп, аяқ басқаннан-ақ көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық», - дегендей бұл бірнеше күннен бері осы мерекенің жақсы өтуі үшін жұмыстанып шапқылап жүрген, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Сәуменов пен оның оң қолы Нұрболат Тілепбергенов ағаларымыздың да еңбегінің нәтижесі. Осы шараға арнайы келіп, қуанышты бөліскен облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев аудан басшысы Бибоз Шаяхметовпен бірге сауда қатарларын аралап шықты.
Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған «Қажырлы еңбек, мерейлі мамандық» атты салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы Нәутиев сөйлеп, қатысушыларды облыс әкімінің атынан мерекемен құттықтап: - Бүгінде балық шаруашылығы облысымыздың экономикалық дамуына өзіндік ерекше үлесін қосып келе жатырған үлкен салалардың бірі. Әрине, қиындықсыз жұмыс болмайтыны белгілі. Бұрынғы балық шаруашылығы тарих қойнауына кетсе, қазір қайта құрылып, дамып келе жатырған қалпы бар. Кешегі, еліміз егемендік алған шақта көптеген қиыншылықтар болып, тұралап қалған кезеңдерді де бастан өткізді. Тәуелсіздік жылдары бұл саланы қайта дамыту бағытындағы Елбасымыздың үлкен еңбегін атап өтуіміз қажет. Себебі, бүгінгі күні ата кәсібін жалғастырып жатқан Каспий өңіріндегі қиыншылықтарды жоюда, көршілес төрт мемлекетпен бірлесе отырып оның қойнауындағы байлықтарды бөлісуде, мұны ортақ пайдалану мәселелерін шешуде үлкен істер тындырылды. Сіздер өздеріңіз жақсы білесіздер деп есептейміз кешегі қиын кезеңде Арал өңірінің суы тартылып, кемелері қайраңда қалып, халық өзінің нәпақасынан айырылған шақтар да кездесті. Міне, осыларды қайта қалпына келтіру рет-ретімен, кезең-кезеңімен іске асты. Арал өңірі бүгінде өзінің атакәсібіне қайта оралды. Осыдан бір-екі жыл бұрын балықшылар ол жерде 400 тонна ғана балық ауласа, биылғы жылы олардың лимиттері 9 мың тоннаға жетті. Жайық пен Каспийдің жағасын жайлаған балықшыларымыздың да тарихы тереңге кетеді. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Қиғаш өңірінің балықшылары мыңдаған тонна балықты майдан даласына аттандырды. Осы жерде сол үлкен кәсіпті жалғастырған аталарымыз бен ағаларымыздың ұрпақтары отырғаны аян. Бұрынғы Атырау балық зауытының бір бөлігі болған Шортанбай балық зауыты қайта түлеп, жаңғырып, салаға өзіндік үлесін қосып отырғаны сіздерге аян, - дей келе Жасұлан Қодаровты, Жәнібек Жаңылтпашевті («Каспий-Балық» ӨК), Ақәділ Зиниденовті ( «Амангелді» ЖШС), Бауыржан Абужаровты ( «Сев Каспий Фиш» ЖШС) облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы Шаяхметов аудандағы балық шаруашылығы бойынша тындырылған жұмыстар жөнінде мерекелік баяндама жасап: - Аудан көлемінде балық шаруашылығын дамыту және өркендету бағытында Теңіз ауылдық округінде 2016 жылдың наурызынан бастап Ресей-Қазақстан азаматтарының қатысуымен «Каспий Интер Фиш» ЖШС құрылды. Серіктестіктің жылдық балық қабылдау қуаты – 2000 тонна. Тұрақты 20, маусымдық қызметте 60 адам жұмыс жасайды. Орташа айлық жалақы 80 мың теңге. Балық цехында өңделген балықтар шетелге жөнелтілуде. Шортанбай балық зауыты өндірістік базасында 2018 жылдың ақпанынан бастап «Сев Каспий Фиш» ЖШС құрылып, жұмысты қарқынды бастады. Аталған серіктестіктің құрылтайшысы Мұрат Есенгелдіұлы Әмірғалиев аталған зауытты қайта жаңғыртудан өткізіп, бұрынғы салықтардан, жалақыдан берешектерімен толық есептесіп, іскерлігін көрсетті. Сонымен бірге зауыттың ішкі тозығы жеткен құрал-жабдықтарын жаңарту мақсатында инвестиция тартып, жаңадан балық сақтайтын 200 тонналық фрион компрессоры қондырылып, тәулігіне 20 тонна балық қатыратын 2 камералық тоңазытқыш, электр қуатын күшейту мақсатында 630 киловаттық трансформатор қондырғысы, ені 12, ұзыны 42 метрді құрайтын 100 тоннаға арналған 7 қатарлық балық кептіру ілгіші, 5 өздігінен жүретін теплоходтар және 2 өзі жүзетін балық қабылдау кемесі, жаңадан 2 моторролер мен автокөтергіш сатып алынды. Байда ауылдық округінде жалпы құны 300 млн. теңгені құрайтын «Каспиан Фиш» ЖШС-іне қарасты балық зауыты іске қосылып, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымын жасақтауға облыстық бюджет арқылы 12 млн. теңге қаржы бөлініп, бірқатар жұмыстар жасалды. Зауаттың жылдық балық қабылдау қуаты 14000 тонна. Жоба бойынша 126 адам тұрақты және маусымдық жұмыстарға тартылып келеді. Серіктестіктің қазіргі құрылтайшысы «Тілекші» ЖШС, басшысы Орынтай Ахметов. Бұлардан басқа ауданда саланы дамыту бағытында бұрыннан «Каспий Балық» ӨК, төрағасы Жұмажан Шакупов, «Каспий Таңы» ӨК, төрағасы Бақыт Теміров, «Амангелді атындағы» ЖШС, директоры Сәбит Сағидуллин, «Ақсу-Қиғаш» ЖШС, директоры Райымбек Такаев, «Сәрсенбаев Е» ШҚ, басшысы Қарлығаш Өтепова аудан көлемінде балық аулап, өңдеп, экспортқа шығарумен айналысады.
Ауданда балық аулау науқаны кезінде 170 қайық звенолары, 11 тартым бригадалары жұмыс жасайды. Оларда барлығы 490 адам еңбек етеді. Науқанға 12 теплоходтар мен 13 мотокатерлер, 500 бірлік көмекші қайықтар жұмылдырылады. Балық аулауға 4200 дана торлар мен 12400 дана вентерлер, 60-65 дана ау құралдары қолданылады. Мүмкіндігі мол, бірақ әр түрлі себептерге байланысты кенжелеп қалған балық шаруашылығын дамытуға бағытталған Атырау облысы әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың бас-тамалары мен нақты істері тұрғындар тарапынан қазір кеңінен қолдау табуда. Соның ішінде балықшылар алдағы күндерден үлкен үміт күтуде. Қордаланған түйіткілді мәселелерге назар аударылып, күрделілері біртіндеп шешімін табу үстінде, - дей келе сала ардагерлері мен озаттарының аттарын құрметпен атады. Құрманғазы ауданының Құрмет грамотасымен Гауһар Көбесова, Жұматай Марданов, Күміс Кисетова, Ерсайын Айтимов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Алғыс хатымен Өсербай Салимов, Қайырбек Қожабеков, Асхат Шүкіров, аудан әкімінің Алғыс хатымен Қайрат Байғазиев, Амангелді Мұратов, Әділ Есбергенов, Ерболат Мұхамбетқалиев, Айболат Хабиденов, Асқар Сұлтанов, Зұлпұхар Баянов, Күләш Қалекеева, Мұхан Халелов, Анатолий Ухов, Жантас Ізтелеуов, Марат Жакупов, Алпамыс Меңдіғалиев, Ерлан Маслимов, Сатыбалды Бисенғалиев ұлығыланды.
Аудандық мәслихаттың хатшысы міндетін атқарушы Рифат Сұлтанияев сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап: - Миллиардтаған қаражат жұмсалып өзектеріміз бен каналдарымыз қазылғалы жатыр. Мұның бәрі балық шаруашылығын өркендету бағытында атқарылып отырған істер. Міне, осы жұмыстар жемісті болып, толағай табыстарымыз жалғасын таба берсін. Шыққан биіктеріңізден, алар асуларыңыз көп болсын! Әр уақытта отбасыларыңызға құт-береке дарысын. Атқарып жатырған істеріңіз арқылы ел құрметіне бөленіп, еселенген еңбектеріңізбен көрініңіздер! – деген ақжарма тілегін арнап, аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен Ризабек Ержахановты, Уалит Сұлтанғалиевті, Рахмет Бекмұхановты, Нұржан Жалиевті марапаттады. Ардагер балықшылар атынан сөйлеген Әлімбай Жармұхамбетов: - Жылда бір рет өткізілетін мерекеміз осылай бір жерде ұйымдастырылып жатырғаны үшін аудан басшыларына ризамыз. Бұл саланың да өзіндік қиындықтары бар. Балықшылар бір жылда 4-5 ай жұмыс істегенімен, су бойында жүру оңай емес, денсаулықтарын жоғалтады. Олар қандай құрметке де лайық. Әрдайым қолдарыңыз қанды, табыстарыңыз мол болсын! – деп, мерекеде кездесе берейік деген тілегін жеткізді. Әрине, қандай мерекенің де ән шашусыз сәні кірмесі анық. Мерекелік шараны Руслан Исмағұлов пен Гүлбақыт Ермұратова жүргізсе, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі ұйымдастырған сазды бағдарламада Толыбай Қажыгереев, Мейрамбек Мәмбетов, Жанболат Кенжеғалиев, Қадыржан Хасанов, Гүлзада Кенжешова, Раушан Сәрсенова, Болат Күнтуаров сынды аудан өнерпаздарының жұлдызды шоғырымен қатар «Әлем», «Жұлдыз-ай» би топтары және басқа да әншілер балықшылар ұжымдарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қоса аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен кір көтеруден, соқаға өрмелеуден, қол күшін сынасудан, арқан тартыстан жарыстар өтіп, жеңімпаздар ұлығыланды. -Бүгінгі мерекемізде күн де қатты ыстық болмай қарасып тұрды, - дейді бізбен әңгімесінде «Каспий таңы» ӨК төрағасы Бақытжан Теміров – Балықшылар деген көңілі айдындай кең халық, бұл мүмкін содан да шығар. Жаңа осы шара үстінде бірқатар әріптестеріміз еңбегіне лайық марапаттар иеленді. Қойынына жел үрлеп, қонышына су кірсе де ел игілігін еселейміз деп еңбектеніп жүрген жігіттер мен олар аулаған балықты оқсатумен айналысатын қыздарымыз маусым уақытында тыным көрмейді. Күн салқында су үстінде, өткір желдің өтінде жүру, мұздай суда балық жуып, оны тізу оңай шаруа емес. Сол себепті елдің бәрі оған беттей бермейді. Барлығына да отбасы амандығын, ұзақ өмір, мықты денсаулық және лимитті артығымен орындатар су маржаны кездесе беруін тілеймін! Каналдарымыз қазылып, құрал-жабдықтарымыз жаңарып, шешімін күткен мәселелеріміздің түйіні алдағы күндерде тарқатылып, ісіміз алға бассын. Ең бастысы ел аман, тыныш, аспанымыз ашық болсын деп тілеймін.
Қанат ҒҰМАРОВ.