Аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлібек Нәутиевпен кездесу өтті. Оған Атырау облыстық мәслихатының депутаты Жеңіс Әбілқарес, аудан әкімі Абат Жанғалиев орынбасарларымен, бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары, кәсіпкерлер, шаруа қожалығы басшылары, қоғам белсенділері қатысты. Кездесуді аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева жүргізді.
Сенатор Әлібек Ибатоллаұлы Сенаттың жұмысы, қазіргі күні қабылданып жатқан заңдар, өзекті мәселелерді шешу үшін оларға енгізілген өзгерістерге тоқталды. Қатысушылардан өздерін толғандырып жүрген мәселелер болса, ортаға салып отыруларын сұрап, соны білу мақсатымен келгенін жеткізді.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талғат Жаудин: – Қазір құрылысы біткен нысандарды төрт адамнан құрылған комиссиямен қабылдайды. Оған тапсырыс беруші, жоба жасаушы, мердігер, техникалық бақылаушы кіреді. Комиссия құрамы аз болса, сыбайлас жемқорлық орын алады деп есептеймін. Екіншіден «Самұрық-Қазына» сияқты ірі компаниялар алды 48, соңы 28 миллион теңге сыйақы алатынын ақпарат көздерінен оқыдым. Шығыны бар компания оны не үшін алып отыр? Тендерде құрылыс жобасын ұтып алған мердігер материал қымбатсып жатыр деп қайта бағалауға жібереді. Бұл біраз уақыт алады. Қаржы бөлгенде неге соны бірден ескермейді? Ауданда өзендерді түп-тереңдету жұмыстары эксковатормен жасалды. Мұндай тәжірибе бізден басқа жерде жоқ. Өзге елдер судың түбімен жол тартып жатады. Көпірді бұзғанда астында 0,5 метр топырақ қалады. Осылай жұмыс жасап жүре берсек, біз бар өзен-көлдерімізден айырыламыз. Атыраумен екі ортадағы жолда кибер-шерифпен жылдамдықты 60 шақырым етіп қойды. Тегіс жолда неге 80 шақырым етпейді? Айыппұлдан көз ашпайтын болдық, – деп осы мәселелерді шешуді сұрады.
«Құбашев Е» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Есболат Құбашев: – Қазір санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы кәсіпкерлерге қауіп тудырмайтын болмашы нәрсе үшін қолданыстағы заңның 425-ші бабымен айыппұл салады. Ол 300 АЕК мөлшерінде. Айыппұл салу үшін еден жуатын таяқта атауы жазылмаса жетіп жатыр. Бір ай немесе он бес күнге ескертуде бермейді. Бұлай ете берсе шаруамыз ақсайды, кәсіпкерлікте ешкім қалмайды. Осы айыппұлды төмендету керек. Ауыл шаруашылығында ұзын сабақты мал азығын дайындауға субсидия беруге ықпал етуіңізді сұраймыз. Онсыз бұл сала дамымайды. Тағы бір айта кетер жайт аудан көлеміне ет және басқа да тағамдар шеттен тасылады. Астраханда «Солянка» деген жер бар. Сонда Бразилиядан келген етке Беларуссиядан шыққан деп жапсыра салады. Мұның бізге келмей жатқанына кім кепіл?! Сүт өнімдері де солай, сырттан әкелінеді. Олардың денсаулыққа қандай зияны барын тексеріп жатыр ма? Қоғамдық тамақтандыруға неге жергілікті жердің өнімі алынбайды?
Ауыл шаруашылығы саласына оның жайын білетін адамды басшылыққа қойған жөн. Кейбір басшылар селекциялық жұмыстың не екенінен хабарсыз. Сырға бермеген соң, наурыз, сәуір айларында туған төлдерді әлі тіркете алмай жүрміз. Министрлік 1 шілдеге дейін тіркелмеген төлді сатуға шығаруға тыйым салып отыр. Сонда мемлекеттік қызметкерлердің осындай қатесіне шаруагерлердің қандай кінәсі бар? Теңізден балық аулауға тек тоғаны бар табиғат пайдаланушыға рұқсат беріледі екен? Ертең, басқа жақтан тоғаны бар кәсіпкерлер келіп, жергілікті балықшылар табысынан қағылып қалмай ма?, – деген алаңдаушылығын жеткізіп, мигранттарды құрылысқа пайдалануға рұқсат жеке адамдарға ғана емес, жұмыс күші жетіспейтіндіктен басқаларға да берілсе деген ұсынысын айтты.
Аудандық мәслихаттың депутаты Нұргүл Дүйсенбайқызы: – Тұрғындар газге техникалық қызмет үшін ақша төлеп, келісімшартқа отырады. Ол болмаса қызмет көрсетілмейді. Келісімшарт жасағанның өзінде қыста бір ақау шыға қалса шақырғанда келмейді. Есептегішті ауыстыру – 17 мың теңге. Шетелдік көліктер біздің жерде заңды бұзса, оларға айыппұл төлететін база жоқ. Айыппұл салынса, олар оны төлемей жүре береді. Бір фура 12 айыппұлмен жүргені анықталған. Неге олар Грузиядағыдай берешектерін төлеп елге кірмейді. Бұл бюджетке кіріс емес пе? – деді. Бұл сұраққа аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы жауап беріп, шетелдік көліктер салынған айыппұлды шығарда төлейтінін жеткізді.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева: – Бұралқы иттердің мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Малға, адамға шабады. Оларды ұрпақ көбейтпейтін етіп кері әкеліп тастағаннан мәселе шешілмейді. Заңға оларды жою туралы өзгеріс енгізіп немесе аулағаннан кейін оқшаулап ұстайтын арнайы орындар ашу қажет. Екінші мәселе – білім, спорт, денсаулық саласы облысқа кетті. Мектептерге күрделі жөндеу жасай алмаймыз. Облыста отырғандар аудан мектептерінің жағдайы қалай екенін біле бермейді. Балабақшаларда интерактивті тақта, баланы дамыту орталығы жоқ. Қайта жаңғыртуға ақша бөлу қажет емес. Оған бөлінген шамалы қаржыға ештеңе бітпейді. Қаржы бөлсе түгел бергені жөн. Себебі, қайта жаңғыртумен аздаған қаржы алса, бірнеше жылға дейін ештеңе тимейді,– деп осы мәселені жоғары жақтарда көтеруді сұрады.
Бірқатар сұрақтарға берген жауабында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев: – Стратегиялық маңызы бар құрылыс нысандарын қабылдап алуға қатысты мәселені біз көтердік. Өнеркәсіп министрлігіне тапсырылды, қазір қаралып жатыр. Себебі, бір-екі қалада салынған үйлер құлап қалды. Ал, жекеменшік нысандарды төрт адаммен қабылдай беруге болады. «Самұрық-Қазына» компаниясының сыйақысына қатысты мәселе де қаралу үстінде. Өзендер мен каналдарды түп-тереңдету жұмыстарымен айналысатын мамандандырылған «Табиғат» деген мекеме құрылуда. Оның филиалын бізде де ашу жөнінде облыс әкімі жұмыстанып жатыр. Алға қарай бұл жұмыстарға сырттан адам шақыртпай облыс өзі айналысады. Кәсіпкерлерге айыппұл салу жөнінде жаңа айтқандарыңызға бір-екі факті болса, маған беріңіздер, жоғары жақтарға апарып көрсетейін. Енді, ауыл шаруашылығы өнімдерін елімізге өткізу мәселесіне келсек, шекара бойында 11 зертхана салынады. Онсыз олардың құрамындағы ингрединттерді анықтау қиын. Бұған 728 млн теңге ақша бөлінді. Мысалы, Ресей жағы бізден өте тұрса да өздерінің зертханалары тексермейінше жібермейді. Иттерді жою мәселесін әзірге шеше алмай отырмыз, – деді. Кейбір мәселелер бойынша аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы жауап қайтарды.
Кездесуді аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева қорытындылап, сенатор Әлібек Нәутиевке заңдылықтар аясында түсінік бергені үшін ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ