Зейнеткерлік жасқа толуына орай қабылдады

фото: редакция қорынан
(0 Votes)

Аудан әкімдігінде аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаеваның зейнеткерлік жасқа толуына орай қабылдау ұйымдастырылды. Оған дербес бөлім басшылары, аудан орталығындағы мектептердің директорлары, балабақша меңгерушілері, білім бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Аталған шарада аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов мерейгерді құттықтап:

– Гүлфара Өтемісқызы ұзақ жылдардан бері білім саласында абыроймен еңбек етті. Қатардағы мұғалімнен мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне дейінгі еңбек жолын жүріп өтіп, үлкен тәжірибе жинады. Мемлекетіміздің білім саласын дамыту бағытындағы реформаларын жергілікті жерде жүзеге асыруға, білім сапасының артуына, ұстаздардың біліктілігін көтеруге, шәкірттердің сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, мектептердің заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуына өз үлесін қосты,– деп ризашылығын білдіріп, Құттықтау хатын табыс етті.

Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Еділ Баяров мерейгердің 40 жылға жуық салада жұмыс жасағанын, соның 6 жылын бөлім басшылығы қызметінде өткізгенін айтып, еңбегін елеп жатырған аудан әкімдігіне алғысын айтты.

Аудан мектептері атынан сөйлеген Абай атындағы орта мектептің директоры Жамал Хасанова, балабақша меңгерушілерінің ізгі тілегін жеткізген «Айбөбек» балабақшасының меңгерушісі Зайраш Шамарданова Г.Құбаеваның реформаларға толы қиын кезеңде басшылықта болғанын тілге тиек етіп, ізгі тілектерін арнады.

Көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірген Гүлфара Өтемісқызы:– 40 жыл еңбек жолымның 7 жылға жуығында аудандық білім бөлімінің басшысы болған екенмін. Соңғы 4 жылда кейбір мектептер республикамыз, облысымыз бойынша жақсы нәтижелерге жетті. Бұл әрине, бір менің немесе бөлімнің емес, осы отырған әріптестердің, білімге қарасты 63 мекемелердегі басшылардың ортақ қызметінің жемісі деп есептеймін. Ешбір ел өзінің байлығымен немесе жетістігімен мақтана алмайды, егер оның білім саласы оқсамай жатса. Ауданымыздың, оның басшыларының беделі биік болуына біздің бөлімнің қосқан үлесі зор деп санаймын. Республикалық 100 мектептің қатарына енген облыстан жалғыз ғана біздің ауданның мектебі! Облыстық олимпиадада «Үздік ауылдық мектеп» атанған білім мекемесі де бізде! Бірге жұмыс жасаған әріптестерім алға қарай да жетістіктеріңізбен мені қуанта беріңіздер!– деді.

 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT