Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұзақ жылдар ауданның кәсіпкерлік саласында еселі еңбек етіп, саланың дамуына елеулі үлесін қосқан Ербол Каримұлын мерейлі зейнеткерлік жасқа шығуына орай қабылдау ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев мерейжас иесін аудан әкімі атынан құттықтап, иығына шапан жапты. Жеке кәсіпкер Ербол Нұғманов Нұржау ауылдық округінің тумасы. 1994 жылдан әртүрлі жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 2012 жылы жеке кәсіпкер болып тіркелді. Күні бүгін аудандағы ең ірі «Адай» құрылыс сауда үйінің, 1 азық-түлік, 1 ұсақ-түйек дүкендерінің және 1 тамақтану орнының иесі.
Осы уақытқа дейін әртүрлі қайырымдылық шараларға қатысып, жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар, аудандағы кәсіпкерлік саладағы проблемалық мәселелерді жиі көтеріп, белсенділік танытып жүр. Қазіргі таңда 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Келесі кезекте аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Төлепов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы аудандық филиалының директоры Н.Дарелов, аудан кәсіпкерлері атынан М.Габдушов сөз алып, Ербол Каримұлының іскерлік қабілетін, азаматтық болмысын тілге тиек етіп, құттықтау хаттарын табыстады.
Өз кезегінде мерейгер көрсетілген құрметке отбасы атынан ризашылығын айтып, алғысын білдірді.