«Amanat» партиясы аудандық филиалдың депутаттық фракция отырысында алдымен филиалда ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен қызметкер Ақынжан Құсайыновтың зейнеткерлік жасқа толуына орай оған құрмет көрсетілді.
Филиал төрағасы Ерлан Хисметуллин мерейгердің қысқаша өмірбаянына тоқталып, еңбек жолын дәріптеп, адал да абыройлы қызметі үшін алғысын білдіріп, облыстық филиал төрағасы А.Идресовтің Алғыс хаты, өзінің құттықтауын жеткізіп, иығына шапан жапты. Осындай сый-құрмет аудан әкімі А.Жанғалиев, аудандық мәслихат төрағасы Г.Қалиева тарапынан да көрсетілді. Өз кезегінде Ақынжан Ақтайұлы да партияның алдағы жұмысының алға басуына тілектестігін білдіріп, ұлығылап жатқан басшыларға алғысын жеткізді.