Ер адам 6,7 млн, әйел адам 9,7 млн теңгеден асқан зейнетақы қорындағы ақшасын ғана алуына болады. Қазір елімізде бұл межеге жеткен 114 мың адам бар. Министрдің өзі сол тізімге енетін болып шықты.
Қазақта «Бейнетіңнің зейнетін көр» деген жақсы тілек бар.Сондай-ақ, «Бейнет түбі – зейнет», «Жасыңда бейнетін көрсең, қартайғанда зейнеті бұйырар» деп те мақалдатып жатады. Бір сөзбен айтқанда, еңбек ете білгенге оның рахаты да бұйырады дейді халық даналығы.
Әрине, бұрында зейнет ұғымы қартайғанда өзің жиған мал-дүниенің рахатын көріп, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздың қамқорлығына бөлену мағынасында түсіндірілсе, қазір зейнетке шығу, зейнеткер, зейнетақы деген ұғымдар еліміздің Ата заңымен белгіленіп, ел азаматтарына түрлі жағдайда берілетін өтемақы. Ол азаматтарға заңда көрсетілген белгілі бір жасқа толғанда, мүгедектігіне байланысты, асыраушысынан айрылғанда, арнаулы қызмет атқарған жылдары үшін беріледі. Зейнетақы жүйесі әлем мемлекеттерінің бәрінде бар, тек оларды жинақтау мен беру мәселесі ғана әртүрлі.
Мәселен,Сингапурда зейнетақы қорына аударылатын қаржы кәдімгі, арнайы және медициналық деп аталатын үш есепшотқа салынады екен. Аталған елдің адамдарының жалақысынан зейнетақы қорына біздегідей 10 пайыз емес, 37 пайыз ұсталады. Тағы бір айтары, Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 181 мың теңге болса, Сингапурдағы орташа айлық 1 млн 333 мың теңгені құрайды екен. Осылайша, олар 37 пайыздың 23 пайызын тұрғын үй сатып алу, білім алу мен сақтандыру ісіне, 8 пайызын медициналық қызметтерге, тек 6 пайызын ғана зейнетақымен қамсыздандыруға жинайды. Халықаралық сарапшылар осы тәжірибе арқылы Сингапурда тұрғын үй бағдарламасы өте табысты жүргенін айтады. Бүгінде бұл елдегі тұрғындардың 90 пайызының жеке баспанасы бар және олардың 80 пайызын мемлекет салып берген. 2016 жылдың мәліметтеріне қарағанда, сингапурлықтар Орталық жинақтаушы қорында жиналған қаржының 50 пайызын тұрғын үй сатып алуға жұмсап жіберген. Дәл осылайша Аустралия мен Малайзия елдерінде де зейнетақы қаржысына тұрғын үй мен білім алуға мүмкіндік берілген, бірақ оларда да жинақталған қаржы шекті көлемнен асқан кезде ғана рұқсат етіледі.
Жақында Үкімет әр адамның зейнетақы жинағындағы қаржысына үй сатып алуға рұқсат береді екен» деген әңгіме жұртты әжептәуір елең еткізді.Зейнетақы қорындағы ақшалар қалай пайдаланылмақ? Қоғам арасында бұл қаражатты белгілі бір мақсаттарға жұмсау мәселесі қызу талқыға түсуде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталып, зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға рұқсат беру мәселесін шешуді тапсырған болатын. Бұл бойынша жауапты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін пайдалануға қатысты ұсыныстар жасауға дайындалып жатқаны белгілі.
Үкімет қабырғасында өткен жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әр азамат зейнетақы қорындағы өзі жиған қаражатты алуға құқығы барын айтты.Бірақ, қордағы ақшасын кез келген адам пайдалана алмайды. Оның да өз тәртібі бар. Мысалы, азамат зейнетақы жарнасын баспана алу мақсатына жаратқысы келсе, 30-ға келген ер адамның қордағы қаржысы 6,7 млн теңгеден кем болмауы керек.
Ал әйелдердің ақшасы 9,7 млн теңгеден кем болмауы керек. Яғни, сіздің зейнетақы қорындағы ақшаңыз осы көлемнен асқан кезде ғана жинақталған қаржыны пайдалануға мүмкіндігіңіз бар. Онда да ер адам 6,7 млн, әйел адам 9,7 млн теңгеден асқан ақшасын ғана алуына болады.Қазір елімізде бұл межеге жеткен 114 мың адам бар. Министрдің өзі сол тізімге енетін болып шықты. Бірақ бұл барлық салымшылардың 1,1 пайызы ғана деген сөз. Ал олардың 84 пайызының шотындағы ақша 2 млн теңгеден аспайды. Сонымен адамдар өз зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануы үшін оның «жас шегін» белгілеу керек. Сосын ақшаның да шекті сомасы бар екенін естен шығармаған абзал. Ал әйелдерге тиесілі сома не үшін жоғары? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мұның себебін әйелдердің ұзақ өмір сүретіндігімен түсіндіреді. Статистика мәліметтеріне қарағанда, әйелдер зейнет жасына жеткеннен кейін орта есеппен 22 жыл, ерлер 17 жыл өмір сүреді. Яғни, әйелдердің өмір сүру ұзақтығы ер азаматтардан 5 жылға көп екен.
«Бейнет түбі – зейнет» дегендей, әрбір адам өмір бойы еңбек етіп, бейнеттеніп жасаған еңбегінің зейнетін егде тартқан шақта көруге құқылы. Үкімет қандай реформа жасаса да осыған шектеу келтірмеуі қажет. Бірақ қартайған қамсыз өмір сүру үшін болашаққа бүгіннен бастап қамданған опық жемейді.
А.Шакупова