Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «БЖЗҚ» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Джансариева салымшыларға зейнетақы заңнамасының өзгеруіне байланысты аудан тұрғындарымен, округ әкімдерімен, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар мен қызметтер атқаратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімін оңайлату мақсатында зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістерді түсіндірді.
Яғни, 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашуы үшін қорға жүгінудің қажеті жоқ. Жеке тұлғаның қор міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша шоты жоқ болса, онда алғашқы жарна түскен сәтте шот автоматты түрде ашылады.
Тағы бір жаңашылдық 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) іске қосылды. Сондай-ақ, жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты электрондық үкімет порталы арқылы алу оңайлатылды. Кез келген салымшы (алушы) жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені тек электрондық цифрлық қолтаңба ғана емес, бір реттік sms-парольдің көмегімен ала алады. Бұл үшін салымшы (алушы) электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде тіркеліп, үзінді көшірме алуға сауал жолдайды. Содан кейін mGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген салымшының ұялы телефонына бір реттік sms-пароль жіберіледі.
«Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара ықпалдастығы негізінде «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі арқылы өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша қайтыс болған салымшылардың Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға онлайн тәртібінде сауалдар жолдау да мүмкін болды.
А.Нәжімов