Зейнетақы қорының бір бөлігін пайдалы іске жұмсай аламыз

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауында халық үшін ең өзекті, кең талқыланып жүрген мәселелерді көтеріп, олардың шешу жолын ұсынды.

Жолдауда еліміздің алға қозғалуына жол ашатын бірқатар нақты шара ұсынылды. Маңызды құжатта басымдыққа ие болған адами капиталдың сапалық өсуі бойынша мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау ұшан-теңіз. Оған баршамыз да күнделікті өмірде куә болып жүрміз.Жолдауда білім саласына айрықша назар аударылып, бірқатар мәселелер қаперге берілді. Пандемия кезінде қашықтықтан білім беруде мұғалімдер, оқушылар және ата-аналарды әбігерге салғанын айтқан Президент оларды жоюға және толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажеттігін атап көрсетті. Бұған қоса «Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым» , – деді Мемлекет басшысы. Яғни, ұстаздардың жалақы мөлшері келешекте де өседі. Бұл шешім педагогтардың материалдық жағдайын жақсартып олардың мәртебесін көтеруге зор септігін тигізетіні анық.

"Өткен жылы дипломды басып шығарумен айналысатын оқу орындарын жабуды тапсырдым. Табысты білім беру бизнесіне жұмылдырған ықпалды адамдардың қарсылығының салдарынан жұмыс қиын жүріп жатыр. Бірақ, проблеманы шешу керек. Премьер-Министр осы мәселені ерекше бақылауға алуы тиіс", - деп Президент диплом таратумен айналысатын оқу орындарын жабу мәселесін тапсырды. Өйткені оқу орны түлектерінің жұмысқа орналаса алмауының бір тармағы осында жатыр.

Орайы келген орамды ойдың бірі – тұрғын үй жайы. Президент баспана мәселесін шешу мақсатында «Отбасы» банкі құрылатынын мәлімдеді. Халықтың әлеуметтік деңгейі мемлекет саясатының басым бағытының бірі екенін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы, 2021 жылдан бастап 700 мың салымшы зейнетақы қорындағы қаржысының жартысын үй алуға, ем шараларына жұмсауға, қаржы компанияларының пайдалануына бере алатынын жеткізді. "Бұл мәселені шешу үшін Үкіметке Ұлттық банкпен бірге жыл соңына дейін барлық құқықтық нормативтік актіні қабылдап, дайындық жұмысын жүргізуді тапсырамын. Аталған реформа азаматтарды зейнетақы жүйесіне атсалысуға ынталандыруға үлес қоспақ. Биылдан бастап "5-10-20" бағдарламасы іске қосылды. Оған 390 млрд теңге бөлінді. Баспана алу үшін кезекте тұрған азаматтардың мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Бүгінде әкімдіктер бұл мәселені өздері шешіп жатыр. Оның уақытты талап етері сөзсіз. Жүйеге өзгеріс керек. Бөлінген қаржы тек құрылысқа емес, жалға алу төлемін субсидиялауға да бағытталуы керек. Реформа нәтижесінде, алғашқы жылы 100 мың отбасы көмек алады. Бұл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" негізінде құрылатын "Отбасы" банкіне міндеттелді. Банк басшылығы тапсырманың орындалуына жауапты" - деді Мемлекет басшысы. Отбасының аяқтан тұрып, көшпен бірге жүруінің негізгі тұсы – пәтер жағдайы. Баспанаға сұраныс әлі күнге азаймай тұрғаны анық. Осы тұрғыдан келгенде маңызды бастаманың бірі – зейнетақы қорының бір бөлігін пайдалы іске жұмсау. Мемлекет басшысы еліміздің даму жолындағы бүгінгі күннің басты бағыт-бағдарын айқындап берді. Ендігі кезекте Үкімет, Парламент және барлық мүдделі мемлекеттік органдарға нәтижелі жұмыс жүргізуге тілектестігін білдірді.

Маржан Мирасова,

Абай атындағы жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT