Аудан әкімі Қайрат Нұртаев мемлекеттік қызметтің ардагері, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Карина Ғайни Көбенқызының зейнеткерлік жасқа толуына орай қабылдауын өткізді.
Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов оның мұғалімдік қызметтен басталған еңбек жолымен қысқаша таныстырды.
– Гурьевтің педагогикалық институтының химия-биология факультетін тәмамдаған жас маман 1983 жылы Еңбекші орта мектебіне жұмысқа келді. 1987-2003 жылдары мектеп директорының тәрбие істері жөніндегі орынбасарлығына жоғарылатылды. Кейіннен мемлекеттік қызметке ауысып, Еңбекші ауылдық округінің әкімі, аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімінің меңгерушісі болды. 2011 жылдан бері аудандық мәслихат аппаратын басқарып келеді. Бірқатар Алғыс хат, Құрмет грамота сынды марапаттардың иегері. Аудандық Мәслихаттың III, IV шақырылымының депутаты, аудандық тексеру комиссиясының төрағасы болған марқұм, айтулы азамат Орынбек Уәпұлымен отбасылық одақ құрап, өмірге 2 ұл, 2 қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Ұрпақтарынан 4 немере,4 жиен сүйіп отыр.
Бұдан соң аудан басшысы Қайрат Талапұлы мерейгердің 27 жыл білім саласындағы, соңғы 14 жылғы мемлекеттік қызметтегі абыройлы еңбегіне, түрлі ұйым, клуб, кеңестегі қоғамдық істеріне үлкен ризашылығын білдіріп, Алғыс хатын тапсырды. Келесі кезектерде аудандық мәслихат депуттатар корпусы, Еңбекші орта мектебі ұжымы, тума-туыстары, ұрпақтары атынан құттықтау тілектер жолданды.
Шара соңында зейнет жасына толған Ғайни Көбенқызы еңбегін елеп жатқандардың баршасына ризашылығын білдірді.
А.МЕЙІРМАН