Отыз күнге жуық уақытта ауданның 30 мектебінде түрлі тақырыпты қамтыған «Тартуымды еліме арнаймын» атты эстафеталық байқауы «Өнерпаз» мәдениет үйінде қорытындыланды.
Бұл сайыс егемендігіміздің торқалы тойына орай, білім бөлімінің тәрбие саласы бойынша «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 тарту» атты аудандық ауқымды жоспарының аясында өткізілген болатын. Мектеп оқушыларына танымдық шаралар арқылы бүгінгі тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенін зерделеу, жетістіктермен таныстыру, білімдерін кеңейтіп, патриоттық рух қалыптастыру мақсатында өткен кештің шымылдығы Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінің «Балдаурен» ұлт-аспаптар ансамблінің «Би» күйімен ашылды.
Сонымен қатар, тәрбиелік мәні терең мазмұнды, эстетикалық талғамға сай оздырылған бірқатар жобалар мен бағдарламаларды жүргізушілер таныстыра отырып, алғысөз аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Әдебиетқызына берілді. Ол өз кезегінде Ұлы тойымызбен құттықтап, аудан әкімнің алғыс хатымен округ әкімдері, мектеп директорларын және әрқашан білім саласына қолдау танытып жүрген кәсіпкерлерді марапаттады.
Ауданның Бас ұстазы Гүлфара Өтемісқызы да құттықтау сөз сөйлеп, эстафеталық байқау нәтижесін хабарлады. Қорытындылай келе, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің «Тәуелсіздікке рух берген 30 ән» патриоттық кеші жүлделі І-орынмен марапатталды. Ал, ІІ-орын Бегалиев және Абай мектебіне, ІІІ-орын Нұржау және Қ.Мырзаәлі мектептеріне бұйырды. Оған қоса, белсенділік танытқан білім ошақтарына түрлі номинация беріліп, орын алған мектеп басшыларына Облыстық білім басқармасының Алғыс хаты табысталды.
Кеш барысында әр мектептен таңдалынып алынған үздік концерттік нөмірлер қойылып, Ы.Алтынсарин жом орта буын хоры "Ұланбыз Отанды қорғайтын" әнімен шараны жоғары дәрежеде аяқтады.
Жайдарлым Қайреден