Білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, жеткіншектердің ой-өрісін кеңейту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылуда.
Аталмыш жоба аясында Әбу Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектебінде «Үздік сыйлық – бұл кітап» атты тағылымды шара ұйымдастырылды.
Мектеп кітапханашысы Айман Адилова аз уақыттың ішінде мектеп мұғалімдері, оқушылар, ауыл тұрғындары жоғары белсенділік танытып, 50-ге жуық көркем-әдеби жинақтармен кітапхана қорын толықтырып жатқанын тілге тиек етті. Оқу орны директоры Данияр Сабиров жаңа бастаманың бірегейлігіне кеңінен тоқталып, жас буынды білім қууға құшқар болуға шақырды. 2 сынып оқушылары «Кітап - байлығымыз» әнімен шараның шырайын келтірсе, мектепалды даярлық сыныбының оқушысы Томирис Бекболат Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» өлеңін мәнерлеп оқыды. Мектеп түлегі Еркеназ Еркінқызы, шара тізгінін ұстаған 11 сынып оқушысы Мадина Жеделбаева, 2 сынып оқушысы Алтынай Аманжолқызы және мектепалды даярлық сыныбындағы бүлдіршін Айша Қабжан кітапхана қорына ұсынған рухани мұралардың ерекшелігіне сипаттама беріп, арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Сөз соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сара Мұсағалиева оқу сауаттылығы дағдыларын дамытудың мән-маңызы жөнінде тарқатып айтып, осы бағыттағы алда атқарар жұмыс жоспарымен бөлісті.
Еркеназ Қалижан