"Үздік аймақтық редакция-2020" атандық

(0 Votes)

Атырау облысы әкімдігінде Тауман Амандосов атындағы Атырау облысы әкімі сыйлығының жеңiмпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Биылғы Сиыр жылы редакциямыз үшін жақсы басталды. Жаңа жылға бұрын болмаған 6710 дана таралыммен кiрсек, енді, мiне бұған дейін қолымыз жетпеген "Үздік аймақтық редакция-2020" номинациясын алып отырмыз.

Журналистердің басын қосқан салтанатты шарада Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов сөйлеп, қатысушыларға Жаңа жылмен құттықтау тілегін жолдады. БАҚ-тың қоғамдағы рөлінiң зор екеніне тоқталып, қаламгерлер қауымына жасап жатқан жұмыстары, ел дамуын ақпараттандыруға қосып отырған үлкен үлестері үшін шынайы ризашылығын білдірді. Алдағы күндердегi жұмыстарына толағай табыстар, жемicтi еңбек тiледi. Шарада облыс бойынша таралымы жағынан облыстық "Атырау" газетiнен ғана кейін тұрған Құрманғазы аудандық "Серпер" қоғамдық-саяси газетінің 2021 жылдың I жартыжылдығына мерзімді баспасөзге жазылуды ұйымдастырудағы жұмысы жоғары бағаланып, "Үздік аймақтық редакция-2020" аталымына лайық деп танылды. Атырау облысының әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы аталған марапат пен 500 мың теңгенің сертификатын "Серпер" қоғамдық-саяси газетiнiң газетiнiң бас редакторы Айнагүл Күнұзаққызына табыс етiп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

sertifikat

Бұл тоқсан жылдық тарихы, алты мыңнан асатын оқырманы бар газетiмiз үшін үлкен мерей. Газеттi оқу немесе оған сын айту оңай болғанымен, оны шығару, жазылуды ұйымдастыру, ақпараттарды дер кезінде бере бiлу жеңіл нәрсе емес. Мұның артында уақытпен санаспайтын, кейде демалыс дегенді ысырып тастайтын, сегiз сағаттан кейін жұмысы iлесiп үйiне баратын шағын ұжымымыздың құлшыныспен еткен үлкен еңбегі жатыр. Әрине, көп нәрсе басшының ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты. Өйткені ол газетке жауап беретін адам. Барлық беттi қарап шығу, қатесін түзеу, жоспарларды жасау, жиналыстарына қатысып оны жазу, жоғарыдан берілген тапсырмаларды орындау, сайт жұмысын ақсатып алмау оңай жұмыс деп айта алмаймын.Бұл жағынан да серперлiктердiң бағы жанып тұр. "Ұйымдастыра бiлген ұтады", дегендей креативті, үнемі iзденicте жүретін, ерiну, қабақ шыту дегенді білмейтін Айнагүл Шакупова сынды бас редакторымыз бар. Нәзік жан болса да редакцияның шаруасын ұршықтай үйiрiп, дөңгелентіп ұстап отыр. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен шеберлігі биылғы баспасөзге жазылу науқанында бұлт астынан шыққан күндей жарқырай көрінді.

- Бүгінгі алып жатқан марапатымыз редакциямыздың жұмысына берiлген оң баға деп санаймын. Мұнда шағын ұжымымызбен қатар баспасөзге жазылуда "Бір жағадан бас, бір жеңнен қол" шығара бiлген барша оқырмандарымыздың, оларға жазылуға жағдай жасаған аудан әкімі Қайрат Талапұлы бастаған атқарушы билік өкілдерінің, барша газет жанашырлары мен демеушілік жасаудан тартынбаған жеке кәсіпкерлердің үлесі зор. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші ортақ icте бірлесе қимылдап "Нар жолында жүк қалмайтынын" дәлелдеп, биыл 6710 дананы еңсердiк. Облыс бойынша үздік редакция атануымыз бойымызға шалқар шабыт сыйлап, жұмысымызға жаңа серпін берерiне сенiмдiмiн. Еңбегімiздi бағалап жатқаны үшін облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлына барша құрманғазылық оқырмандарымыз бен редакциямыз атынан шынайы ризашылығымызды бiлдiремiн! Қол жеткен жетістікке тоқмейiлсiп қалмай, алға қарай да халықтың көңілiнен шығу үшін жұмыстана береміз,- дейді Айнагүл Күнұзаққызы.

Бұл ортақ қуанышымыз қалың оқырман! Сiздермен бірге биiк белестерден көріне берейiк!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521