Этностар арасындағы келісім мен татулықты нығайту ісі әрбір мемлекеттің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі.
Ұлтаралық қақтығыстарға территориялық талас-тартыстар, үстем ұлттың аз ұлттарға өктемдігі мен қысымы себепкер болып жатады. Ұлтаралық шиеленістердің зардабынан адамзат сабақ ала алмай келеді. Оған мысал ретінде Африка құрлығындағы мемлекеттердің, Балкан маңындағы елдердің және ТМД аумағындағы Таулы Қарабақ, Осетиядағы шиеленістерді айтсақ та жеткілікті.
Сонымен қатар, алпауыт елдердің әлемдік саяси сахнада экономикалық, әскери, саяси ықпалға ие болу мақсатындағы бақталастықтарының салдарынан кейбір «ұлтаралық» шиеленістер қолдан жасалуда. Ақпараттық технологиялардың дамыған заманында өзге елде отырып басқа елдің ішкі жағдайы мен халықтың көңіл күйіне ықпал ету дәстүрлі «саяси соғыс» құралына айналды.
Тұрмыста кездесетін кейбір бұзақылықтарды, басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарға «этностық қақтығыс» деп баға беру де өршіп барады. Бүгінгі интернетпен қаруланған қоғам отқа май құя түсіп, қарсы тараптардың арасындағы өшпенділікті қоздырып ала жөнелетіні өкінішті. Кешегі өткен Қордай оқиғасында да осындай жел сөздер қаптап кеткені шындық. Тек Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың дер уақытында араласып, үкіметтік комиссия құруы көптеген қауіп-қатердің алдын алды. Қазақстан «Бір - халық, бір – ел, бір –мақсат» қағидасын берік ұстанған сүттей ұйыған мемлекет. Бұл – біздің мемлекетімізді өзге елдерден ерекшелейтін байлығымыз, құндылығымыз. Ең бастысы – этнос өкілдерінің ауызбіршілігі мен татулығы құр жалаң ұран сөздер емес.
Қазақстан халқының ұлтаралық шиеленістерге қарсы тұра алуының басты себебі де осында. Қазақтың құндылықтарын бойына сіңірген және бір шаңырақтың астында өмір сүріп тәрбиеленген азаматтардың бірлігі берік болары анық.
Осы арада «ұлтаралық қарым-қатынас» терминіне сабақтас болып келетін «дінаралық қарым-қатынас» елімізде дұрыс жолға қойылған. Оған әдетте бірін-бірі көрместей болатын бүкіләлемдік дәстүрлі дін өкілдерінің Астанада бір үстелде бас қосуы дәлел.
Түптеп келгенде, қылдан да нәзік түсініктермен сипатталатын ұлтаралық қатынастарды қоздыру мен оны саяси экстремизмнің құралы ретінде қолдану қай тарапқа да опа бермейтіні тарихтың ащы сабақтарынан белгілі. Өзара достықта болуға не жетсін?!
А.НӘЖІМОВ