Өзара байланыс жалғаса береді

(0 Votes)

Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, облыс әкімі Серік Шапкеновпен бекітілген Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен халықтың өзекті мәселелерін талқылау бойынша тұрақты кездесулер кестесіне сәйкес аудан әкімдігінде бейнебайланыс түрінде селекторлық жиын өтті.

selektor-zhinalysy1

Оған Атырау қаласы мен облыстағы  жеті ауданның әкімдігі,  үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынды Атырау облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұханов жүргізді. Күн тәртібіндегі мәселелер  спортты дамытуда  үкіметтік емес ұйымдармен байланыс, Атырау қаласындағы ҮЕҰ-ың есептері, оларды қоғамдық, спорттық шараларға тарту жөнінде өрбіді.

Атырау облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова хабарлама жасап:

–Дене шынықтыру-сауықтыру шараларына қоғамдық бірлестіктер тұрақты түрде араласып отырады. Әр күнтізбелік жылдың соңына таман қоғамдық бірлестіктер, басқармалар алдағы жылы атқарылатын шараларға енгізілетін  ұсыныстарын жолдап, бекітілген жоспар бойынша жұмыстар атқарылады. Белсенді бірлестіктер қатарында таэквондо, каратэ, бокс, тайбокс, кикбокс, қазақ күресі, ұлттық спорт түрлерін  атауға болады. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде республикалық деңгейдегі шаралар өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттық спорт түрлерінен «Дарабоз» халықаралық турнирі жыл сайын өтеді. Ат спорты түрлерінен ұйымдастырылатын бұл шара  облысымыздың брендіне айналды. ҮЕҰ мүшелері басқарманың түрлі комиссияларына бақылаушы ретінде тартылуда. Бұдан бөлек 30-дан астам федерациялардан 87 спортшы мен 41 жаттықтырушы ай сайынға облыс әкімінің шәкіртақысы деп аталып кеткен төлемдерге ие болып, ынталандыру жүргізілуде, - деп үкіметтік емес ұйымдармен атқарылған басқа да жұмыстарға тоқталды. Хабарламашыға қатысып отырған ҮЕҰ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Келесі кезекте күн тәртібіне сай Атырау қаласы, Махамбет, Құрманғазы, Қызылқоға аудандары әкімдіктерінің ҮЕҰ-мен жасаған жұмыстары тыңдалды. Бұл бағытта ауданымызда атқарылған іс-шаралар жөнінде аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев хабардар етіп:

– Құрманғазы ауданы бойынша 4 қоғамдық бірлестік, 5 қоғамдық қор, барлығы 9 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде 8 ҮЕҰ 2021 жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары туралы жылдық есептерін infonpo.gov.kz сайтына тапсырды. Жұмыс жасамайтын 5 ҮЕҰ 2020 жылы жабылды. Ауданымыздағы «Құрманғазы туған жер» қоғамдық қоры 2020 жылы «Impact Almaty Chevron» компаниясының жариялаған грантын жеңіп алды. Қаржысына тігін машинасы мен қажетті материалдарды сатып әкеліп, Орлы ауылдық округінде шағын тігін цехын ашты. «Құрманғазы ауданының мүгедектер қоғамы» ҚБ «Нұршуақ» тігін шеберханасын ашып, тұрғындардан тапсырыс алу арқылы өзін-өзі қаржыландырып отыр. Аудан әкімі аппаратының теңгеріміндегі ғимараттан арнайы орын бөлінген, мүмкіндігі шектеулі 4 адам жұмыспен қамтылған. Абай орта мектебі жанындағы «Нұртамшы» балалар қоғамдық бірлестігі  2004 жылдан бері қоғамдық жұмыстарға белсене араласуда, - дей келе жылына 2 рет ҮЕҰ-дар басшыларының аудан әкімімен кездесуі ұйымдастырылып, ұсыныс-пікірлері тыңдалатынын жеткізді.

Селекторлық жиынды Атырау облыстық әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұханов қорытындылап, ұсыныс-пікірлер ескерілетінін, өзара байланыс жалғасын табатынын  қаперге берді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT