Республика күні қарсаңында аудан орталығындағы «Темірәлі» мешітінің жанынан заманауи типтегі Құран жаттау және діни сауат ашу орталығы ашылды.
Қос қабатты медресе 2 оқу бөлмесінен, қашықтан келіп оқитындарға арналған жатақханадан, кең мәжіліс залынан, асханадан, 3 жуынатын орыннан, дәретханадан тұрады және ішкі әжетханалармен қамтылған. Оқу бөлмелеріне интерактивті тақталар, Құран үйренетін шағын үстелдер мен шәкірттер отыратын жұмсақ төсекшелер қойылған.
Аталған ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Марат Мурзиев орынбасарларымен, дербес бөлім басшылары, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Алтынбек Ұтысханұлы, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, ауыл молдалары мен үлкендеріміз, мешіт жамағаты қатысты. Алдымен Құран оқылып, сауабы өмірден өткендерге бағышталды.
Медресенің ашылу салтанатында алғашқы сөз берілген ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкіл имамы Алтынбек Ұтысханұлы: – Алла Тағала осы ғимараттың салынуына демеушілік жасаған, басы-қасынан табылған және елге, тілге, жерге, дінге жанашыр жандарға разы болсын дегіміз келеді. Жәнеде біздің ерекше мерекеміз – Республика күнімен де баршаңызды құттықтаймын! Бұл сауат ашу орталығы осындай керемет мейрам, айтулы күннің қарсаңында ашылып отырғанын жақсы ниетке балаймыз. Себебі, Тәуелсіздік біздің республикамызға, Отанымызға Алланың берген үлкен ниғыметі екенін баршамыз жақсы білеміз. Тәуелсіздікті баянды қылу, халықтың бейбіт ғұмыр кешуін, бірлігі мен ынтымағын арттыру және иманды, ибалы жастарымызды тәрбиелеп шығару тікелей осындай сауат ашу орталықтары мен медреселерде де болатыны сөзсіз. Қазақта «Иманды елді жау алмас», «Отанды сүю иманнан», деп барлық мәселені сенімге әкеліп тіреген. Жастарымыз иманды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды біліп, Отанға, елге, дінге жаны ашитын болып өсіп жатса, онда мемлекетіміздің болашағы баянды болатыны анық. Міне, сондықтан біз мешіттеріміздің жанынан мұндай ғимараттарды ашуды қолға алып жатырмыз. ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлы өзі осы ғимаратты көрді және салынуына үлесін қосты, – деп дінбасының сәлемін жеткізіп, Құран оқылған жерде береке мен бірлік баянды тірлік болатынын айтты. Ғимараттың салынуына үлесін қосқан демеушілерге Алғыс хатын табыстады.
Аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы: – Бүгін үлкен мерекеміз – Республика күнінің қарсаңында дәстүрлі исламды оқытуға, діни сауат ашуға бағытталған рухани білім ордасы ашылып жатыр. Оны салуға атсалысқан барша азаматтарға, қолдау білдірген Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасына ризашылығымды жеткіземін. Жалпы мұнда адамгершілік, имандылық бағытында берілетін білім көп болады деп есептейміз. Ауданымызда жаңа мешіттер де бой көтеріп жатыр. Тәуелсіздігіміздің көк туын асқақтата желбірететін азаматтарымыз көбей берсін,– деп, сөзін ел-жұртымыз аман, егемендігіміз мәңгілік, заманымыз тыныш болсын деген ізгі тілекпен аяқтады.
Құран жаттау және діни сауат ашу орталығы алдына керілген лентаны қию құрметі ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкіл имамы Алтынбек Ұтысханұлы мен Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Зейнетолла Ақпановқа ұсынылды. Лента қиылғаннан кейін жиналған көпшілік медресе ішін аралап көріп, үлкендеріміз өздеріне жайылған дастарханнан дәм татты.
Қанат ҒҰМАРОВ