Заманауи құрылғылармен жабдықталған тірек мектеп

(0 Votes)

Сафон ауылындағы Қадыр Мырза Әли атындағы орта мектеп Білім беруді тұрақты дамыту қорының «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасына қатысатын 17 тірек мектеп тізіміне енген болатын.

Жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгін орта мектеп қажетті материалдық-техникалық жарақтандырумен толықтай қамтамасыз етілді. Онда соңғы заманауи үлгіде жабдықталған Steam кабинеті, биология, физика, химия, робототехника, информатика кабинеттері, телестудия, арт студия бар.

Атырау өңіріндегі алғашқы тірек мектептің тұсаукесеріне аудан әкімі Марат Мурзиев, Атыраудағы NIS директоры Ерали Бижанов, Білім саласын тұрақты дамыту қорының жетекшісі Данияр Тоқтарбаев, Атырау облыстық әдістемелік орталық меңгерушісі Дана Қонысқызы арнайы қатысты.

Қадыр Мырза Әли мектебінде бүгінде 360-тан аса оқушы білім алуда.

– Жоба аясында мектебімізге жаңа жиһаздар, интерактивті тақталар, жаңа кабинеттер, қолымыз жетпей жүрген Steam кабинеті де келді. Алаңсыз білім алуға барлық жағдай жасалды, енді тек сапалы білім беру – басты мақсатымыз, – дейді орта мектеп директоры Сабыржан Жұпарғалиев.

Жобаның бас серіктесі – Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ. Яғни, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және тегін әдістемелік қолдау көрсету жұмыстарын NIS бұл жоба қолға алынғалы бері абыройлы атқарып келеді. Педагогтарды оқыту және кабинеттерді жабдықтау кезінде де NIS тәжірибесі мен ұсынымдары пайдаланылды.

– Бүгін мектепке экскурсия болды. Барлық кабинеттерді тамашаладық. Жалпы, мектеп кабинеттері су жаңа жиһаздармен қамтылған. Оқу үдерісін толық, 100 пайыз қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ оқушылардың практикалық дағдыларын дамыту үшін бар мүмкіндік берілген. Әсіресе, мектептің психологиялық кабинеті, Steam кабинеттер, қыздар үшін тігіншілік қабілеттерін дамытуға, ал ұлдар үшін техникалық дағдыларды дамытатын кабинеттер өте пайдалы. Мектеп ұжымы үшін бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Біз NIS тарапынан әдістемелік көмек көрсетеміз. Бұл бойынша мектеп әкімшілігімен түрлі жоспарлар құрып жатырмыз, – дейді Атыраудағы NIS директоры Ерали Бижанов.

Бұған дейін Атыраудағы NIS ұстаздары Қадыр Мырза Әли мектебінің ұстаздарына керекті бағыттар бойынша тәжірибе таратып, әдістемелік көмек көрсеткен болатын.

Айта кету керек, республика бойынша белгіленген 17 тірек мектепті жарақтандыруға бағытталған операциялық шығындарды «Қазақстан халқына» қорының серіктесі Білім беруді тұрақты дамыту қоры атқарды.

– Бүгінгі тұсаукесер біздің жұмысымыздың тек бастамасы ғана. Себебі, 2022 жылдың шілде айында қол қойылған NIS, Қазақстан халқына қоры мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының үш жақты келісім шарты аясында бұл мектеппен қазірге дейін біліктілікті арттыру, ұстаздарға арналған оқыту курстары мен семинарлар ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Болашақта үш жыл шамасында біз осы мектеп ұжымымен бірге жұмыс істейміз. NIS тарапынан әдістемелік қолдау көрсетіледі. 3 жыл ішінде мектепті ауыл өмірінің орталығы ретінде балалардың потенциалын ашатын нағыз оқу ордасына жеткізуге мақсат қойып отырмыз, – деп атап өтті Білім саласын тұрақты дамыту қорының жетекшісі Данияр Тоқтарбаев.

Бастысы, балалардың қуанышында шек жоқ. Олар үшін су жаңа құрылғылармен жұмыс жасаудың өзі үлкен жетістік.

– Мен мектепке осындай түрлі тігін машиналары келгеніне қуаныштымын. Біз осы тігін машинасынан түрлі маталар үстіне өрнектер салып үйренудеміз. Құрылғының құрылымымен, қалай қолдану қажеттігімен де танысудамын, – дейді орта мектеп оқушысы Жазира Сәбитова.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT