Заманауи автобус сыйлады

(0 Votes)

Дыңғызыл ауылдық округіндегі Дина Нүрпейісова атындағы орта мектептің ұжымы Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында үлкен қуанышқа кенелді.

Мектепке ұзындығы 10 метр, сыйымдылығы 36 адамдық, мүгедек балалар да кіре алатын есігі бар, ішінде оқушылар үшін барлық жағдай жасалған «Golden drakon» маркалы автобус тарту етілді. Заманауи типтегі, шетелдік үлгідегі бұл көлік елімізде шығарылған, отандық өнім. Сөз барысында айта кетейік, 1999 жылы пайдалануға берілген 624 орындық бұл мектепте 423 оқушы, 56 ұстаз, 61 техникалық қызметкер бар. Мұғалімдердің білім сапасы 91%, кәсіби біліктілік 90% . Қазіргі күні 19 оқушы Арна, Қызылжар елді мекендерінен тасымалданады.

Автобустың табыс етілу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов құттықтау сөз сөйлеп:

– Бүгін «Ақ түйенің қарыны жарылған күн» деп толық сеніммен айтуға болады. Көптен күткен армандарыңыз орындалды. Өткен аптада өңірімізге 15 дана балалар тасымалдайтын жаңа үлгідегі автобус келсе, облыс әкімінің қолдауымен соның бірі біздің ауданымызға, оның ішінде Дина Нүрпейісова орта мектебіне беріліп отыр. Осы бір автобус балалар тасымалын қауіпсіз атқаруға, білім сапасының жақсара түсуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Оқушыларымыз еш уайымсыз қатынап жүре берсін, игілігін көріңіздер, – деп ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, мектеп директоры Б.Бекжановқа автобустың кілтін табыс етті.

«Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы Сабыржан Сұлтанов: – Мектепке автобус керегін мен де көптен көтеріп жүрген едім. «Сабақты ине сәтімен», деп бүгін ол жүзеге асты. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының балалардың оқу сапасының жоғары, өмірлерінің қауіпсіз болуына, сабақтарына уақытында қиналмай келіп, жақсы оқуына үлкен мән беріп отырғанының көрінісі.

Автобусымыз құтты болсын, оқушыларымыз пайдасын көріп, ұстаздарымыздың еңбегі жемісін сыйлай берсін, – дей келе, көлік тарту етіп жатқан облыс, аудан әкімдігіне, аудандық білім бөліміне ризашылығын білдірді. Осындай ізгі тілектер Дина Нүрпейісова атындағы орта мектептің ата-аналары атынан Тұрарбек Ғаділбекұлы, қамқоршылар кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Калима Сүндетова, мектеп директоры Бауыржан Бекжанов тарапынан да айтылды. Дыңғызыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Исламғали Бақтыгерейұлы жаңа автобустың іші балалардың шат күлкісіне толсын деген тілегін жеткізіп, ақ батасын берді. Мектеп ұжымы алдына шарлар байланған автобусты қуанышпен қарсылап, ұлттық киім киген қыздар шашу шашты.

Автобус алдына керілген лентаны аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдарұлы қиды. Қуаныштан жүзі балбұл жанған балалар көліктің ішіне мініп, жайғасып қарап жатты.

Округке сапары барысында аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еділ Баяров, мектеп директоры Бауыржан Бекжановпен сыныптарды, мектеп алды дайындық бөлмесін, білім ұясының 142 бала екі аусымда тамақтанатын асханасын, 40 орындық жатақханасын аралап көріп, жағдайымен танысты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT