Зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті еңбек демалысына шығу - әрбір адамның қуанышты сәті. Ұзақ жылғы еткен еңбек пен төккен тердің қайтарымы, өтеуі десек артық айтқандық емес. Бұл адам өмірінің мағыналы белесі.
Еңбекші ауылдық округінде ұзақ жыл малдәрігерлік салада жемісті еңбек еткен ветеринариялық пункттің меңгерушісі Нұрғизат Оразовты зейнет жасына шығарып салуға арналған «Мерейлі мейрам» атты құттықтау салтанаты өтті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бастамашы болған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында көп елене бермейтін кәсіп иелері санатындағы ветеринария саласында еңбек ететіндердің мәртебесін көтерудің өзі бір ғанибет.
Шара алдында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқар Шаяхметов мерейжас иесіне ауылдастар атынан ат мінгізіп, құрметін көрсетті. Клуб үйінің сахнасынан Нұрғизат Әділұлының өмір және еңбек жолынан мағлұматтар беріліп, фото және бейнесюжеттер көрсетілді. Ол 1962 жылдың 20 тамызында қасиетті Қошалақтың топырағында дүниеге келді. Бала күнінен малды өңірде өскендіктен төрт түлік малға жақын жүрді. 1979 жылы Орлы орта мектебінен онжылдықты тәмамдап, екі жылдай ата-анасына қолқабыс етіп, көмекші шопан болды. Әскери борышын абыроймен өтеп келгеннен кейін Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында мал дәрігерлік мамандығына оқыды. 1986 жылы ХХV Партсъезд атындағы кеңшарға жұмысқа тұрып, шаруашылықтың малына ветеринариялық қызмет көрсетті. Кейіннен ауылдық округте осы қызметін жалғастырып, қырық жылға жуық жалғасқан еңбек өтілінде екі-екіден аудан мен облыстың үздік мал дәрігері атанды. Еселі еңбегіне орай бірінші, екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» және «Елеулі еңбегі үшін», «Ветеринарияның құрметті қызметкері» сияқты төсбелгілермен марапатталды.
Еңбекші ауылдық округінің әкімі Жасқайрат Хамзин мерейгердің төрт түлік арасындағы түрлі кеселдердің алдын алудағы еңбегін атап өтіп, ауылдастар атынан үлкен ризашылығын білдіріп, ескерткіш сыйлығын ұсынды. Сонымен бірге, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, республикалық «Ауыл» партиясының төрағасы С.Егізбаевтың құттықтау хатын табыстап, өңіріне аталған партияның құрылғанына 25 жыл толу төсбелгісін қадады. Келесі кезектерде аудандық ветеринариялық станса және ветеринариялық инспекцияның басшылары Жеткіншек Әжіғалиев, Асылбек Ешекеев, өзге де әріптестері сөз алып, Нұрғизат Әділұлының атына жақсы пікірлер айтты. Ел ағалары Мұқар Қабиболлаұлы, Саламат Айтжанұлы, Еңбекші ауылдық клубының директоры Нұрлан Елемесұлы, жұмыстасы Мұрат Идаятұлы да оның ауылдастар арасындағы абырой-беделіне, адамгершілігіне, азаматтық келбетіне келісті бағасын беріп, құттықап өтті. Соңында ағайын-тумалары, жанұясы және мерейгердің өзі осылай еңбегін елеп, құрметін көрсетіп жатқан барша еңбекшіліктерге үлкен ризашылықтарын білдірді. Ауыл өнерпаздары музыкалық сәлемдеме жолдап, кештің көрігін қыздырды. «Бейнет түбі – зейнет» деген бұл шара нағыз еңбек адамына көрсетілген зор құрмет болды.
Айбек МЕЙІРМАН