Кәсіпкерлікті дамыту бағытында жасалып жатқан мемлекеттік қолдау ауқымды. Сонымен қатар, халықаралық нарықтағы тұрақсыздықты ескерсек, еліміздегі қолдау шаралары шағын және орта бизнесті дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Шағын кәсіпкерлік саласына Ұлттық қордан қаржы бөлініп, әкімшілік кедергілерді азайту бағытында заңнамалар қабылданғаны да белгілі. Тағы бір маңыздысы, Мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызметті жақсарту мақсатында түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғаны болатын. Айта кетейік, Елбасы Жарлығы аясында бизнес субьектілерін тексеруге жарияланған мораторий кәсіпкерлердің қызметін жеңілдетті. Бұған соңғы жылдардағы шағын және орта бизнес субьектілерінің артуы дәлел. Тексеруге жарияланған шектеу шарасы кәсіпкерлердің уақытты ұтымды пайдалануына жол ашты.
Алайда, тексеру жоқ екен деп, арқаны кеңге салып, заңсыздыққа баруға да болмайды. Осы уақыт аралығын тиімді пайдаланып, кәсіпкерлік қызметті заңдық нормаға сай жүзеге асыру қажет. Өйткені, құзырлы органдардың тексерулері басталса, кәсіпкерлік нысандар дайын ба деген заңды сұрақ туындайды. Қандай талаптар күшейтілді? Оның алдын алу үшін не істеу керек? Осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының Құрманғазы аудандық филиалының жанынан құрылған өңірлік кеңестің кезекті отырысы өткізілді.
Оның күн тәртібінде Қазақстан Республикасының “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Кодексінің 425 бабының 1-ші және 2-ші тармақтарындағы жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге белгіленген айыппұлдың көлемін азайту туралы” мәселе қаралды.
Аудан кәсіпкерлерінің көптен көкейінде жүрген мәселесін, аудандық кеңестің мүшесі, қоғам белсендісі Бержан Ахонұлы көтерді. Кодексте егер қандай да бір кәсіпкерлік нысанында адам денсаулығына қауіпсіз, гигиеналық талаптар бұзылса, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ескерту түріндегі жазаны қолданбай, бірден заңды тұлғалар үшін 230 АЕК (849160 теңге), жеке тұлғалар үшін 30 АЕК (110760 теңге) айыппұл салынады деп көрсетілген. Өз сөзінде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Жандыбаев заңда бірінші кезекте “ескерту” деген жаза қаралмағандығын айтып, айыппұлдың көлемін азайтуды, тиісті заң нормаларына түзетулер енгізуді жоғарыдағы құзырлы органдарға ұсыныс білдіруі қажеттігін жеткізді. Кеңес мүшесі Мирғали Ғабдушев хабарламашыға кодексте қарастырылған айыппұлдарды кәсіпкерлерге ақпараттандыру, жадынамалар тарату бойынша ұсыныс жасады. Сонымен қатар, “Аmanat” партиясының аудандық филиалының басшысы Ерлан Уалитханұлы айыппұлдың көлемін жоғарылатудың қандай қажеттілігі барын, оның қаншалықты тиімді болғанын, аудан бойынша салынған айыппұлдардың мониторингінен хабардар етуді сұрады. Сонымен қатар облыстық кеңестің мүшесі Гаухар Сиғуатқызы:
-Жасыратыны жоқ үй жағдайында әр түрлі тағамдар дайындап, халыққа өз өнімдерін өткізумен айналысатын жеке тұлғалар көбейіп тұр. Оның кері әсері де жоқ емес. Біріншіден, санитариялық талаптар сақталмаған, ол өз кезегінде халықтың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Екіншіден, заңды кәсіпкерлік болып тіркелмегендіктен ешқандай салық төлемейтіні белгілі. Үшіншіден, заңды жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлерге едәуір кедергі келтіреді. Себебі, заңсыз сатылған өнімдер, нарықтағыдан әлдеқайда төмен бағада сатылады,- деп қазіргі көлеңкелі бизнестің күшейіп тұрғанына наразылығын білдірді.
Алайда, кодексте үй жағдайында жасалатын заңсыз кәсіпкерлікке шектеу қою нормалары қарастырылмаған. Кеңес мүшесі Зәмзагүл Оңдасынқызы айтылған ұсыныстарды қолдайтынын, мемлекеттен көмек алып кәсіп ашып отырған кәсіпкер осыншама мөлшерде айыппұл арқалайтын болса, ол әрине бастаған ісін жалғастыра алмайтынын айтып, бұл тікелей жұмысқа кедергі болып саналатынын, сондықтан заңға тез арада өзгеріс енгізудің қажеттілігін тілге тиек етті. Кеңестің қорытындысымен айтылған барлық ұсыныс-пікірлер ескеріліп, хаттамалық негізде тиісті органдарға ұсынылатын болады.
Айнагүл Шакупова