Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан басшысы Марат Мурзиевтің төрағалығымен әкімдік жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссияға мүшелерімен бірге, дербес бөлім, мекеме басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Алғаш болып хабарлама жасаған аудандық балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Бақытты Испергенов жыл басынан бері браконьерлікке қарсы атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады. Комиссия төрағасы М.Мурзиев ашылмаған қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты сұрақтарын қойды. Аудандық полиция бөлімінің басшысы Найзабек Құбашев инспекция мен шекара бөлімі бірлескен түрде ұйымдастырған рейдтік тексеру кезінде орын алған фактіге қатысты өзінің пікірін білдіріп, хабарламашының берген мәліметін толықтырды. Су бойында заңсыз балық аулаған балықшылардың қайығын құрықтау шарасы кезінде инспекция қызметкерлері полиция бөліміне хабарлағанша, оқиға орнынан қылмыскерлер ізін суытқан. Хабарламашының айтуынша, видео фиксация жасауға мүмкіншілік болмаған. Аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы ондай құрылғыларсыз да бұрын қылмыстық істер ашылып келгенін айтып, заңдылыққа сәйкес тиісті әрекеттерді жасап, істі аяғына дейін жеткізуді тапсырды.
Аталған тақырыппен аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің директоры Ә.Сатылғановтың, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Т.Исаевтың хабарламасы тыңдалды. Аудандық полиция бөліміне заңсыз балық аулау бойынша 5 құқық бұзушылық тіркелген.
Комиссия отырысынжа отбасы-тұрмыстық салада жасалатын қылмыстар жөнінде мәселе талқыланды. Облыстағы дағдарыс орталығында Құрманғазы ауданынан жыл басынан бері зорлық-зомбылыққа ұшыраған 6 әйел 18 баласымен бірге орналастырылған. Өкінішке қарай бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп отыр. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова ауданымыздан дағдарыс орталығын ашудың маңыздылығын жеткізді. Комиссия төрағасы бұл ұсынысты толықтай қолдайтынын жеткізіп, оны іске асыру бойынша жұмыстарды зерделеуді тапсырды. «Салауатты өмір салтын насихаттау және алкогольдік ішімдіктер мен есірткіні қолдануға теріс көзқарасты қалыптастыру мақсатында атқарылған жұмыстар» жөнінде аудандық аурухананың бас дәрігері А.Абдрахманов баяндады. «Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу» туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Т.Исаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева хабарлама жасады.
Мәжілісті қорытындылаған комиссия төрағасы М.Мурзиев қылмысты болдырмау үшін бір құқық қорғау органдарына ол міндетті жүктемей, қоғам болып бірлесіп күресу қажеттігін жетізді. Жауапты сала басшыларына жұмысты одан әрі жандандыру үшін бірқатар тапсырмаларды жүктеп, айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығаруды міндеттеді.
Айнагүл Шакупова