Заңсыз балық аулаудың заманы өтті

(0 Votes)

Аудан әкімдігінде көктемгі балық аулау науқанының басталуына байланысты су бойында заңдылықтарды сақтауға арналған үлкен жиналыс өтті. Оған аудандағы балық аулаумен шұғылданатын өндірістік кооперативтер мен серіктестіктердің, прокуратураның, ұлттық қауіпсіздік комитетінің, құқық қорғау орындарының, мүдделі мекемелердің басшылары қатысты.

ЛИМИТ БИЫЛ УАҚЫТЫНДА БЕРІЛДІ

Балық қорғау мен оның қорын молайту бағытындағы жұмыстарды, браконьерлікпен күресті қамтыған шараны аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров ашып: - Бұл салада болып жатқан кедергілер, орын алған заңсыздықтар бұған дейін де қаралып, хаттамалар толтырылып іс-шаралар жоспары жасалды. Соның негізінде бүгінгі күні қабылданғалы отырған Үндеуге байланысты және аудандағы балық шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан істерді, алда тұрған міндеттерді талқылап, қандай бағытта жұмыс жасауымыз қажет деген мақсатпен сіздерді жинап отырмыз.

Аудан көлемінде 7 табиғат пайдаланушы балық аулаумен айналысады. Күні кеше лимиттер бөлініп сіздерге берілді. Былтырғы жылмен салыстырғанда кемдеу. 2017 жылы 4538 тонна болса, қазір 4310 тоннаға лимит бөлініп отыр, - деді.

СУ БОЙЫ БАҚЫЛАНАДЫ

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының Құрманғазы аудандық бөлімінің басшысы Сансызбай Тоғаев: - Штат бойынша бізде 20 адам. Нақты жұмыс жасап жүргендерінің саны 10 қызметкер. Ақпан айында 65 хаттама толтырылды. 22 материал сотқа жолданды. Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімімен 7 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік іс бойынша 46 адамға 956 мың 824 теңге айыппұл салынды. Мемлекетке 1 млн 582 мың зиян келтіріліп, сот арқылы өндірілуде. 3 автокөлік, 2 мотоцикл ұсталды, әзірге сот шешімі шыға қойған жоқ. Қазіргі уақытта осындай жұмыстар жасап жатырмыз.

Аудандағы Ганюшкин, Котяев, Кудряшов шекара бекеттері, аудандық ішкі істер бөлімі, жергілікті полиция қызметі, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлескен жұмыс жоспарымыз бар. Олар бізбен бірге кезекшілікке шығып, су бойын бақылайды. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін де аудан әкімінің қатысуымен осы жерде екі рет жиналыс өтті, - деп су бойына шыққанда талап етілетін қажетті құжаттарды атады.

Қатысып отырған кооперативтер мен серіктестіктер басшылары лимитке, балықты түнде аулауға қатысты сұрақтар қойды. Түнде аулауға тыйым салынатыны ескертілді.

Аудандық ішкі істер бөлімі Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Жеткіншек Жағыпаров: - Қай жерден, қанша балық аулау қажеттігі, түрі мен мөлшері, қандай суда жүзу құралдары пайдаланылатыны өздеріңізге мәлім. Мақсат – браконьерлікпен бірігіп күресу. Заңсыз балық аулауға болмайды. Сіздерден билет алып, кез келген жерден аулап жүрмес үшін мониторинг жасаңыздар. Мотоциклдерді де заңдастыру қажет. Оларды бір жерден сатып алып, округке есепке қоймайды. Бұл бағытта жұмыстар жасалуда. Учаскелік инспекторлар үйлерді аралап, тіркелмеген құралдарды анықтау жұмысына кірісті, - деді.

«Каспий-Балық» ӨК төрағасы Жұмажан Шакупов: - Цехпен екі ортаға балық тасимыз. Көліктерді әр жерде тоқтатады. Көктем – ең қысқа мерзім. Мамырдың онына дейін аулап үлгеруге тиіспіз. Қолындағы құжаттары түгел болса, тоқтатпасын. 5-10 минутқа қарсы емеспіз. Алайда көп тұрып, бір тонна балық бұзылса, шарасын аламыз, - деді. Жергілікті полиция қызметінің басшысы заңсыз балық аулаушыларды анықтау мақсатымен көліктер тоқтатылатынын, құжаттары болса кідіртпейтіндерін жеткізді.

Аудан әкімінің орыньасары Ж.Бектеміров: - Сіздерге қолдау көрсетіп жатырмыз. Ешкімді заңсыз тоқтатып, бірнеше сағат ұстамайды. Облыс әкімі өткізген жиналыста 18 мәселе көтердіңіздер. Оның 9-ы шешілді. 5-і шешілу үстінде. Түнгі жүріс, ұсақ балықты ірі балықтан бөлу күн тәртібінде тұр.

Бұл мәселелердің жайы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев WhatsApp (ватсап) әлеуметтік желісінде ашқан топта анық жазылған. Көбіңіз онда барсыз, хабардарсыздар. «Каспий Таңы» ӨК төрағасы Бақытжан Теміров балықты Атырауға тасымай зертхананы жергілікті жерден ашу керектігін айтқан болатын. Зертхана ауданнан ашылды, 2 маман оқытылып алынып, жұмысын жасауда. Атырау қаласынан балық сататын жер бөлу әзірге шешіле қойған жоқ, - деді.

БРАКОНЬЕРЛЕР ШҰБЫРЫП ЖҮРЕТІН

«Амангелді» ӨК төрағасының кеңесшісі Санат Тілепбергенов: - Мен серіктестігіміздің құрылтайшысы Мұрат Әмірғалиевтің атынан шығып тұрмын. Балық шаруашылығы туралы заң қабылданып, оған жылма-жыл заман талабына сай өзгерістер енуде. Сол себепті көптеген мәселелер шешімін табуда. Бұл салаға облыс басшысы Нұрлан Асқарұлының тікелей араласқаны да оң нәтижесін беруде. Өзім риза болатыным бұрынғыдай балықты көп мөлшерде заңсыз аулау тыйылды. Браконьерлер күзде қуатты мотормен,қайықпен, қыста көлікпен Жайықтың үстімен шұбырып бара жататын. Қазір жоқ. Балық біздің байлығымыз, оған қынадай тиіп құртсақ, ертеңгі ұрпаққа не қалады? Осы жағын ойланайық. Арналарға кез келген қоқысты лақтырмай, тазалығын сақтайық. Оларды тиісті орынға апарып тастайық. Ұзындығы 50 см болмайтын балықты ауламай арнасына қайта жіберейік. Жаңа облысқа бөлінген лимит орындалмайтынын естідік. Біз өзімізге бөлінгенін Қиғашта, Жайықта, теңізде 100 пайыз орындадық. Орындай алмай отырған шаруашылықтардан лимиттің артығын алып, басқаларына қосу қажет деп есептеймін. Әйтпесе оның мөлшері жыл сайын қысқара береді, - деп осындай жиналыс ұйымдастырғаны үшін аудан басшыларына ризашылығын білдіріп, балық аулау, оның қорын сақтауға бағытталған «Амангелді» ЖШС мен «Каспий-Балық» ӨК қабылдаған облыс балықшыларына арналған Үндеу мәтінімен таныстырды. «Каспий таңы» ӨК төрағасы Б.Теміров сөйлеп, оған қолдау білдірді.

Аудан әкімінің орыньасары Ж.Бектеміров облыс басшысы әр ауданға берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауда ұстайтынын жеткізді. Қазір балық шаруашылығына қамқорлықтар жасалуда екеніне, мәселелер бұрынғыша айтылған күйінде қалмайтынына, биыл Қиғаш арнасының 120 шақырымына тереңдету жұмыстары жасалатынына тоқталды. Балықшылардан шабақ құтқару жұмыстарына да көңіл бөлуді сұрады.

«Каспий таңы» ӨК төрағасы Б.Теміров: - Қыста біз мұз үстінен 11 ойық жасадық. Жазда жаңа сіз айтқан 2 млн. үстінде шабақты құтқардық. Бірақ, бұл жұмысқа көп болып атсалысайық. Кейбір шаруа қожалықтары қоршаған жеріне кіргізбейді. Мұны оларға да міндеттеу керек, - деді. «Каспий-Балық» ӨК төрағасы Ж.Шакупов Қиғаш бойын қазғанда «Дальний» каналының 1,5 шақырымы назардан тыс қалмасын, балық қорын 10 мың тоннаға жеткізу үшін ғылыми-зерттеу институтының ғылымдары ауданымызға келіп, аулау маусымы кезінде жұмыс жасап, зерттеулер жүргізсін, қажет болса қаражатын төлейік деген ұсыныс жасады.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT