Балық байлығымыз десек те, оған көз алартушылар, халық игілігіне қол сұғып, браконерлікпен айналысушылар тыйылмай тұр.
Биыл ҚР ӘҚБтК-нің 383 бабының 1 бөлігімен оларға қатысты 150 әкімшілік іс қаралып 2273910 теңге айыппұл салынып, 138 іс бойынша 2 001190 теңге айыппұл өндірілген. Сол сияқты тым шектен шығып кеткендерге ҚР ҚК-нің 335 бабымен де іс қозғалған. Мысалы, ірі көлемде қара балық аулаған үш адам (барлығы 214,2 келі) мемлекетке жалпы сомасы 1823 589,8 теңге залал келтіріп отыр. Оларға аудандық сотпен 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Иесіз ау құралдарына 46 хаттама жасақталып, Құрманғазы инспекция бөліміне қарасты учаскелерден 112 дана балық аулау құралдары және олардан 558 келі балық алынған. Сол сияқты жаға бойларын қоқыту да тоқтамауда.
Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияда хабарлама жасаған Құрманғазы инспекция бөлімінің бастығы Нұрболат Каратекеев:
– «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы аясында ауылдық округ әкімдері аппараттары және округтерде орналасқан мекеме қызметкерлерінің қатысуымен өзен жағалауларын қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 23,6 тонна қоқыс жиналды. Акцияны Байда, Теңіз және Қиғаш ауылдық округтері әкімдері жақсы ұйымдастырды, - деді.
Бөлім басшысының мәлімдеуінше күні бүгінге дейін 55 743 320 дана шабақ құтқарылса, оның 37 408 900-і табиғат қорғаушылардың үлесінде. Енді мұз қатуына байланысты балықтардың тұншығуын болдырмау мақсатындағы жұмыстар жасалмақ. Алайда ол мұздың қалыңдығы 40 см болғанда басталады.
Қанат ҒҰМАРОВ