Заңсыз балық аулау тыйылмай тұр

(0 Votes)

Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова жүргізді.

Күн тәртібіне сай браконьерлікке қарсы атқарылған жұмыстар жөнінде хабарлама жасаған Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрболат Қаратекеевтің мәлімдеуінше, биылғы жылдың басынан бері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383 бабының 1 тармағы бойынша 186 әкімшілік іс бөліммен қаралып, 2829510 теңге айыппұл салынып, оның 2598460 теңгесі өндірілген. Осы кодекстің 383 бабының 3 тармағы бойынша яғни, рұқсат етілмеген құралдармен заңсыз балық аулаған тұлғаларға қатысты 69 және 389 бабының 1 бөлігі бойынша (заңсыз балық тасымалдау) 11 әкімшілік іс Құрманғазы аудандық сотына жолданып, 62 әкімшілік істер бойынша сот қаулылары шыққан. Кодекстің 383 бабының 3 бөлігімен иесіз ау құралдарына 54 хаттама жасақталып, бөлімге қарасты учаскелерден құрулы тұрған 124 дана иесіз балық аулау құралдары (сеткі, вентерь) және 164 келі балық алынған. Бұдан басқа 11 тұлғаға қатысты 5 іс процессуалдық шешім қабылдау үшін Құрманғазы аудандық полиция бөліміне жіберілген. Браконьерлерден 9 дана автотранспорт және су көлігі (автомашина, мотоцикл, қайық) алынып отыр.

Бөлімде 10 инспектор, 1 ихтиолог бар. Одан әрі хабарламашы басқа да атқарылған жұмыстарға тоқталды. Хабарламашыға аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Әдебиетқызының «Тәркіленген балық қайда жіберіледі, халыққа сатыла ма?», деген сұрағына «Амангелді» ЖШС-не тапсырылатынын жеткізді. Аталған шаруашылықтың мұздатқыштарында сақталады. Комиссия мүшесі Маркс Мұстахишев аталған серіктестік оны қайда жіберіп жатқанын кім қадағалауда ұстайтынын сұрап, сот орындаушылары бақылайтынын білді. Қатысып отырған комиссия мүшесі Жұмақай Ғұмаров шабақ құтқаруға ауылдық округтердің қатысы жайлы сауал беріп, олардың барлығы бұл жұмыстан шет қалмайтынын естіді. Комиссия мүшесі Ерлан Хисметуллин хабарламашыдан көпір саламыз деп өзен арналарының жартысын топырақпен жауып тастаған мердігер мекемелердің жұмысы неге балық қорғауға зиян болып саналмайтынын сұрады.

Берілген жауапта «Жайық-Каспий су ресурсы» мекемесі мұны қарап отырғаны жеткізілді. Келесі кезекте мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің арасында құқық бұзушылықты болдырмау мен алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Талғат Исаев, аудандық аграрлық-техникалық колледж директорының орынбасары Нұргүл Темірәлиеваның хабарламалары тыңдалды. Хабарламашылар комиссия мүшелері тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарды. Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова қорытындылап, хабарламашыларға айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, қаралған мәселелер бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521