Заңсыз балық ауласаңыз немесе тасысаңыз...

(0 Votes)

Атырау облысының Құрманғазы ауданы тума табиғатымен мақтана алады деп сеніммен айтуға болады. Ауданының балық шаруашылығы туралы тек еліміздің басқа облыстары емес алыс-жақын шетелдіктер де білетіндігі бәрімізге мәлім.

Осы байлығымызды қорғау және өсімін молайту бойынша Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Құрманғазы инспекциясы бөлімімен көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың 10 айында 245 жеке тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасақталды. Оның 187-сі бөліммен қаралып 187 жеке тұлғаға әуесқой балық аулау ережесінің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салынған. Бұдан басқа, 51 тұлғаға қатысты әкімшілік іс Құрманғазы аудандық сотына жолданып, 51 тұлғаға сот қаулыларымен әр түрлі мөлшердегі айыппұл салынып отыр. Әкімшілік істерден басқа балық қорғау заңнамаларын бұзғаны үшін 7 жеке тұлғаға қатысты құжаттар қылмыстық іс қозғау үшін Құрманғазы аудандық полиция бөліміне жолданды. Нәтижесінде 7 тұлғаға қатысты 2 қылмыстық іс қозғалып, Құрманғазы аудандық сотының шешімімен 3 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бастап құқық бұзушылардан жалпы салмағы 1719 кг болатын қара балық тұқымдас балықтар алынып, мемлекет пайдасына өтті.

Бұдан басқа, балық қорғау саласындағы заңнамалардағы өзгерістер туралы айтып кеткен жөн. 2019 жылдың 12 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 7 қарашадағы № 453 «Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшерін айқындау әдістемесін бекіту туралы», аталған министрліктің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы № 18-03/1058 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығы күшіне енгеннен бастап,балықты және оның өнімдерін заңсыз сатып алу, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау салдарынан келтірілген зиян мөлшері мемлекет пайдасына өндіріледі.

Яғни, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 389 бабының 1 бөлігі бойынша жауапқа тартылған тұлғалардан мемлекетке келтірілген зиян өндіруге жатады. Аталған бұйрық күшіне енбестен бұрын, балықты және оның өнімдерін заңсыз сатып алу, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау бойынша тек әкімшілік жауапкершілік, яғни 10 орта айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған болатын. Соған сай заңсыз балықты тасымалдау барысында ұсталған тұлға тек әкімшілік айыппұл төлеп құтылатын. Ал, қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал, яғни көп көлемде қаражат төлеуге тура келеді. Мысалға айтатын болсақ 1 кг көксерке, сазан, жайын немесе шортан балығы үшін 3282 теңге төлейсіз. Енді, есептеп көріңіз орта қап, яғни 25 кг балық үшін 25 250 теңге әкімшілік айыппұл және 82062 теңге мемлекетке келтірілген залалды өтеу қажет болады.

Жыл басынан бері балықты және оның өнімдерін заңсыз сатып алу, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау бойынша 10 жеке тұлғадан мемлекетке келтірілген зиян, яғни мемлекет пайдасына 3 859 844 теңге өндіру туралы Құрманғазы аудандық сотының шешімдері шығарылды. Қазіргі уақытта 6 шешім заңды күшіне еніп, келтірілген зиян мөлшерлері мемлекет пайдасына өндірілу сатысында, ал 4 шешім апелляциялық шағым келтірілуіне байланысты Атырау облыстық сотында қаралуда.

Н. Қаретекеев, Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Құрманғазы инспекциясы бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521