Әуезов атындағы жалпы орта мектепте орналасқан №175 сайлау учаскесіне таң сәріден өзінің конституциялық борышын орындауға халық толассыз келумен болды.
Таңертеңгі сағат 9-да 2245 сайлаушының 230-ы дауыс беріп үлгерді.Аталған сайлау учаскесінің жұмысына 7-ші рет төрағалық еткен мәдениет саласының ардагері Гаухария Төкестаева ең бірінші болып дауыс беруге тұрғындар Қатира Қалиева және Бибігүл Хасанованың келгендігін айтып, бұл учаскеге тіркелгендердің 20-дан астамына комиссия мүшелері жылжымалы жәшікті арнайы алып баратынын қаперледі.
Мұнда ең кәрі қатысушы 1930 жылы туылған Майдан Өтеков деген еңбек ардагері болса, Саида Альбертқызы мен Амир Ахбалин алғаш рет дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.«Бюллетеньді қолымызға алып, дауыс берер сәтте ғана мұның бәрі қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Үміткерлердің бәрін алдын-ала зерттеп, кімге дауыс берерімізді алдын ала білдік. Сонда да лайықты үміткерді таңдау маңызды болғандықтан кішкене қорқыныш болды», дейді студент жастар біз оларды әңгімеге тартқанымызда.
Әсіресе, дауыс беруге түгелдей өз отбасымен мерекелік көңіл күйде келіп, елдің тыныштығы мен бейбітшілігін тілеушілер қатары көп болды.
Комиссия мүшелері сайлау учаскесінің жұмысын өте жоғары деңгейде ұйымдастырған. Дауыс берушілерді жылы шыраймен қарсы алып, бюллетеньді қалай алып, қай жерде дауыс беру керектігін ерінбей түсіндіруде.
Байқаушылардан «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бірлестігінен Қайырболат Жұмабаев және «Аманат» азаматтық платформасынан Мүлкарима Утова қатысып отырды.
А.Шакупова