Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде мектеп жанынан құрылған мектеп музейлерінің «Қоғамдық музейлер қазынасы» атты облыстық көрме-байқауы өткізілді.
Білім беру мекемелеріндегі қоғамдық музейлердің өлкенің тарихи-мәдени мұрасын сақтау жөніндегі қызметін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл байқауға Атырау қаласынан, Құрманғазы, Исатай, Жылыой, Махамбет аудандарынан қоғамдық негіздегі 13 мектеп музейі қатынасты. Алғысөз алған Атырау облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ә.Жоламанов мектеп музейлерінің қоғамдағы орны жоғары екенін айта келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Көрме-байқауға – археолог, phD «Астана» халықаралық университетінің постдокторанты А.Қасеналин қазылар алқасының төрағасы болса, құрамында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Ерсаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Мұхитов, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшы орынбасары С.Газимова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Б.Хасанова төрелік етті.
Байқаудың бірінші кезеңінде 13 қатынасушы музей портфолиясы арқылы өз музейлерінің шығармашылық жұмысын сапалы видео роликпен қорғап баяндады. Екінші кезеңде музей жетекшілері арнайы алып келген экспозициялық көрмесін таныстырды. Байқау қорытындысы бойынша «Үздік аудандық мектеп музейі» номинациясымен Құрманғазы ауданы З.Серікқалиұлы атындағы мектеп интернаты музейі марапатталып, ақшалай және естелік сыйлықтарды еншіледі. Үздік деп танылған жәдігерлер Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қорына тапсырылды.
Еркеназ Қалижан